Еуразиялық одақ: алыс-беріс, барыс-келіс артты ма?

Dalanews 05 нау. 2019 03:51 218

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті отырысы «Көрші эффектісінің Еуразия елдеріндегі инвестициялық әріптестікті арттырудағы әсері» тақырыбына арналды.

Шараның шымылдығын түрген саясаттанушы Қазақстандағы шекаралық әріптестік қауымдастығының өкілі, Марат Шибұтовтың пікірінше одақ ішіндегі инвестиция ауқымының төмен болуының бірнеше себебі бар.

«Айталық, дәл қазір Қазақстанда инвестиция құйтын көздер мүлдем жоқ. Оның ішінде бос тұрған ірі кен орындары мүлде жоқ. Мұнай кенорны атымен жоқ. Аздаған уран өндіретін орындар ғана қалған. Алайда дәл қазіргі таңда уран әлемдік нарықта сұранысқа ие емес.  Еуразиялық одақтың өз ішіндегі инвестициялық ахуал неге мәз емес десеңіздер, осы одаққа біріккен елдер бір-біріне тиімді болатындай инвестициялық жағдай жасауға құлық танытпай отыр» дейді ол.

«Балама» әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтың айтуынша одаққа біріккен елдердің инвестициялық ахуалының мардымсыз болуының бірнеше себебі бар.  


 «Меніңше, мұның көптеген себептері бар. Соның бірі – ортақ инвестициялық жобалардың бірігіп асыруға негіз болатын тетіктер жоқтың қасы. Оның үстіне құрылғанына біраз жыл болса да Еуразиялық одақтың ортақ экономикалық нарық ретінде құрыла алмағанын мойындауымыз керек. Ортақ қаржы, газ және мұнай, мұнай өнімдері нарығын тек 2025 жылға қарай құрғалы отыр одақтас елдер.

Ал өзге істе әлі де болса кедергілер көп. Шектеулеп көп.

Бұдан бөлек Еуропа Одағы әлі күнге дейін Еуразиялық экономикалық одақты сауда-экономикалық әріптестікке негіз болатын ұйым ретінде қарастырып отырған жоқ», – деді ол.

China center Қытай зерттеу орталығының директоры Әділ Каукеновтің пікірінше одақ аясында аяқсыз қалған жобалар ондап, жүздеп саналады.


«Неге дейсіздер ғой? Себебі, Еуразиялық экономикалық одақ әлі күнге дейін нақты экономикалық нарық ретінде қалыптасқан жоқ, алдағы уақытта да қалыптасуы неғайбыл деп санаймын. Себебі, одаққа біріккен елдердің менталитетінде үлкен айырмашылық бар. Мұны біздің шенеуніктердің мәлімдемесінен-ақ аңғаруға болады. Одаққа біріккен елдердің барлығы қазіргі таңда өздерінің кәсіпкерлерін қызғыштай қорғауда. Өйткені ешкім ешкімге есесін жібергісі жоқ. Ресейлік тексерушілердің қазақстандық өнімдердің өтуіне түрлі шектеулер қойып, тосқауыл жасауы соның нақты дәлелі» деді ол.

Өз кезегінде саясаттанушы Рустам Бұрнашев: «Инвестиция дегеніміз не? Ол жұмыс орындарын құруға жәрдемдесе ме? Мәселе осында. Айталық, осы күнге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа кірген елдер қанша біріккен кәсіпорын құрды? Олардың жұмысы қалай жүріп жатыр? Олар қанша адамды жұмыспен қамтып отыр? Жалпы мұндай тақырыптарды жұртқа жеткізгенде олардың пайдасын ежіктеп түсіндіруіміз керек» деген пікір білдірді.  

Отырысты түйіндеген саясаттанушы Замир Қаражановтың пікірінше, біз Ресейді ең негізгі сауда серіктесіміз емеспіз. 

«2018 жылы біздің ел Ресейдің ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына енбей қалды. Бұл санатта 4-ші орында Беларусь тұр.  Былтыр Минск 34 млрд. Долларға тең сауда жасаған. Ал біздің елдің сауда-саттығы 20 млрд-қа да жеткен жоқ. Біздің экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, әртараптандыру қажет» деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x