Жақсылық Омар: "Латын әліпбиіне көшу емес, оралуы деп айтсақ орынды"

Dalanews 27 қыр. 2017 14:59 270

Талдықорғанда Тіл  сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйытқы болуымен  «Латын әліпбиі: техникалық мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті.
Жұмыс тобының өкілдері, Талдықорған қалалық білім бөлімінің, облыстық Жастарға қызмет көрсету мен «Тіл» оқу әдістемелік орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Астанадан арнайы келген «Attila Group» компаниясының өкілі Біләл Қуаныш қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жүргізді.
Латын әліпбиіне көшу кеше немесе бүгін қозғап жүрген мәселе емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы бұл мәселені біздің алдымызға мақсат етіп қойған болатын. Жалпы, бұл қазақ халқының латын әліпбиіне көшуі емес, латын әліпбиіне оралуы деп айтсақ болады. Себебі ата-бабаларымыздың өзі латын әліпбиін қолданып келген. Бұл тарихымызда бар дерек, басымызда бар тәжірибе. Дәл қазіргі уақытта жастарымыздың басым бөлігі әлеуметтік желілердегі, телефондағы СМС хабарламаларын жазуда латын қарпін қолданып жүр. Сондықтан, латын қарпіне көшу ешқандай қиындық тудырмасы анық, – деген Жақсылық Мұқашұлы біздің облыстың латын қарпіне көшуге қашан да дайын екендігін айтты.
Мұнан кейін сөз «Қамшы» порталының жетекшісі, «Attila Group» компаниясының өкілі Біләл Қуанышқа берілді. Өз сөзінде ол «Qazlatyn.kz» атты қаріп ауыстыру конвертерін таныстырып, оның ерекшеліктерін де атады. Оның айтуынша, мамандарымыз он жылдан бері зерттеп келетін қазақ әліпбилерінің конвертер жүйесі осы күнге дейін әлем қазақтары пайдаланып келген кирилл, латын, төте жазуларды бір-біріне қателіксіз аудара алатын бірегей жүйе. Төте жазумен оқитын Қытай қазақтары да, латын әліпбиімен оқитын Еуропа қазақтары да осы конвертер арқылы жаңа әліпбидегі мәліметті оқи алады дейді.
Осы тұста айта кетсек, Біләл Қуаныш өз конвертерін осы айдың басында Мәжілісте өткен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде таныстырған еді.
Дөңгелек үстелде сөз етілген мәселелер бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Данияр Жаныс, Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Сүйгенбаевалар да өз ойларын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар тарапы келген қонақтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x