Оңтүстікте прокурорлардың алқа мәжілісі өтті

Dalanews 04 сәу. 2017 11:12 331

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев, облыс прокуроры И.Иманов пен құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган басшылары, қала, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мен ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі және Консультативті кеңес мүшелері қатысты.

 

Алқалы мәжілісті жүргізіп отырған облыстың бас прокуроры өңірімізге маңызды жаңа жұмыстың әдістері болып табылатын 12 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, сол жобалардың арқасында өңірдегі қылмыстың ашу деңгейі артып, құқық бұзушылық саны төмендегенін жеткізді. Алқалы жиында жоғарыда аталған бірқатар жобалардың орындалуы қорытындыланды.

Аталған жоблардың бірі 2016 жылдың екінші жартыжылдығында қолға алынған «Жер учаскесін өз бетінше иеленуді жою және шешу жолдары».  Осы бойынша баяндаған облыс прокуратурасының 1-ші басқармасының бастығы Р.Дүйсенбаев жаңа жұмыс тәсілінің нәтижесінде Сайрам, Азат, Құрсай мөлтек аудандарындағы заңсыз иеленген жерлердегі 90-ға жуық іргетасы бұзылғанын мәлім етті. Сонымен қатар,  қоғамдық шиеленістерге жол бермеу үшін 167 жер учаскелері азаматтарға уақытша пайдалану құқығымен берілген, ал 180-нен астам жерлерге құқық беретін құжаттары анықталып, оларға сәйкестендіру құжатын рәсімдеу керектігі түсіндірілген.

Мәжілісте сонымен қатар, баяндама жасаған облыс прокурорының орынбасары А.Қожахметов құқық қорғау және уәкілетті органдардың қатысуымен іске асқан «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасы аясында биылғы жылдың басынан мал ұрлығы қылмысы 30,6%-ға төмендегенін айтты.

«Аса маңызды мәселелердің бірі-мал сою алаңшалары мен мал сою бекетінің жұмыстары. Бүгінгі таңда, облыстағы 72 мал сою алаңшасы иелерінің 30-мен, 33 мал сою бекеті иелерінің 13-мен бейне бақылау камераларын орнату мақсатында меморандумдар түзілген. Ал осы жоба шеңберінде облысымыздағы 33 мал базары иелерімен ветеринарлық құжатсыз және бірдейлендіру рәсімінен өтпеген малды сатуға кіргізбеу туралы меморандумға қол қойылса, 21-не дезинфекциялық тосқауылдар орнатылды», – деді А.Қожахметов.

Өз кезегінде сөз алған облыс прокуроры Мемлекет басшысы Н.Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын дайындауды тапсырғанын айтып, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауды міндеттегенін атап өтті. Сонымен қатар, ол аталған тапсырма алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытуда үлкен жетістіктерге жетумен қатар мал ұрлығы проблемасын да түбегейлі шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ,  прокурор өткен жылы жұмысын бастаған «Алаяқсыз қоғам» жобасы бүгінде нәтижелі жұмысымен қортындыланып отырғанын айтты.

«2010-2015 жылдары облыс көлемінде алаяқтық қылмыс тұрақты түрде өсуіне байланысты өткен жылдың 12 тамызынан бастап «Алаяқсыз қоғам» жобасы қолға алынған болатын. Онда жоба орындаушыларымен бірінші кезекте әрбір салада яғни, жер, тұрғын үй, банк және тағы басқа жасалған алаяқтық қылмыстарының схемалары зерттеліп, оның орын алу себептері мен жолдары сол саланың өкілдерімен бірге талқыланды. Міне осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде алаяқтық қылмыс бүгінгі күні 50% төмендеген», – деді И.Иманов.

Аталған қылмысты тоқтатуға тек прокуратура органдары ғана емес, облыстың құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары, соттар, нотариалдық палата, адвокаттар алқасы, екінші деңгейлі банктер және мемлекеттік емес ұйымдар ат салысқан. Жалпы бұл жоба облыста 2 бағыт бойынша  іске асырылып, нәтижелі жетістіктермен аяқталып отыр.

Алқалы мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев барлығымыздың мақсатымыз бен міндетіміздің бір екенін айтып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

«Осындағы отырған баршамыздың міндетіміз ол ҚР Конституциясында жазылған құқықтық зайырлы қоғам орнату. Осы тұрғыда бәріміз бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты болдырмау мақсатында арнайы жол картасын әзірлеп, еліміздің ертеңі мен жастарымыздың болашағы үшін жұмыс жасауымыз қажет», – деді әкім.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x