Тоқаев: «Мен қарапайым Президентпін»

Dalanews 16 ақп. 2020 13:04 295

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі 56-ншы Мюнхен конференциясы аясында панельдік сессияға қатысып, пікір білдірді, – деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара қызу пікірталас форматында өтті. Спикерлер модератордың сұрақтарына жауап беріп, Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ойларын ортаға салды.

Қазақстан Президенті көрші елдердің мүмкіндігі, демократия, терроризммен күрес секілді сан саланың сұрақтарына жауап берді.

Бұл – Мюнхен конференциясы тарихындағы Орталық Азияға арналған алғашқы арнайы панельдік сессия. Және оған Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның Президенті ретінде алғаш рет қатысып отыр.

Талқыға негіз болған – «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме». Модератор – америкалық дипломат, Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Хаас.

Тақырыпқа сай алғашқы сұрақ Қазақстанның географиялық орналасуы жөнінде. Көршіні таңдамайды, десе де Президенттің пайымынша, Қытай және Ресеймен шекаралас болудың өз артықшылықтары бар.

– Қазақстан жер көлемі бойынша 9-орындағы мемлекет. Бұл әлбетте бізге көптеген мүмкіндік пен жол ашады. Ресей, Қытаймен көршілес болудың да артықшылықтары бар. Ортақ шекара тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Орталық Азияның көп бөлігін иемдену де географиялық ерекшелік. Қазақстан – Орталық Азияда маңызға ие мемлекеттердің бірі. Ал Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі әлі де арта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Рас, әлемдік қауымдастықтың Орталық Азияға деген назары артып келеді. Ал соңғы 11 айдың көлімендегі саяси өзгерістерден соң олардың Қазақстанға деген қызығушылығын да байқауға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев панельдік сессия аясында жаңа сайланған Президент ретінде инновация мен цифрландыруға баса мән беретінін айтты. «Менің мақсатым – экономиканың өсімі» деген Мемлекет басшысы елде жаңа реформалар кезеңінің басталғанын мәлімдеді.

Ал модератордың «Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту мүмкін бе?» деген сұрағына «әлбетте» деп жауап берді Президент.

– Азаматтық қоғамды дамыту үшін жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Көптеген бастама қолға алынды. Мысалы, бейбіт митинг пен саяси партияларды тіркеуге қатысты жаңа заң жобалары әзірленіп жатыр. Мен мемлекетімде президенттіктің жақсы институты қалыптасады деген ойдамын. Сонымен бірге Парламенттің де күші арта түсетініне сенемін. Оған қоса ашық әрі есеп беретін үкімет қалыптастыруға да тырысамыз, – деді Президент.


Мемлекет басшысы есірткі тасымалына қарсы күрес жөніндегі шараларға, Қазақстанның терроризмге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне, «Жусан», «Русафа» операцияларының қорытындыларына терең тоқталып, осы орайда АҚШ үкіметіне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

– Біздің сыртқы саясатымыз үлкен күштер арасында тепе-теңдік ұстауға негізделген. Жақында ғана АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келді. Бұл да Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың нығая түскенін білдіреді. Экономикалық серіктестікке келер болсақ, Қазақстанда АҚШ-тың бірнеше үлкен компаниялары жұмыс істейді. Бұл мемлекеттің Қазақстан үшін маңызы зор. Серіктестігіміздің одан әрі дами түсуіне үлкен мүмкіндіктер бар деп ойлаймын, – деп жауап қайырды Қ.Тоқаев.

АҚШ дипломатына Қазақстан Президентінің осы сөзі әсер етті ме, әлде Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиялық тәжірибесін мойындағаны ма, сессияның модераторы Ричард Хаас Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат білдіріп «Сіз мен көрген сауатты президенттің бірісіз, әлде бұл сәйкестік пе?» деді. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен қарапайым президентпін» деді.

Мюнхен конференциясын ұйымдастырушылар биылғы форум қатысушылар саны бойынша рекорд орнатқанын айтты. Шараға 800-ден астам делегат, 40-тан астам президенттер, премьер-министрілер мен дипломаттар қатысқан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x