Жезқазғанда 2006 жылы болған атышулы кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 50 жастағы Витта М. Ыстамбұлда қолға түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Haberler басылымының мәліметінше, күдікті қаланың Бакыркөй ауданындағы үйлердің бірінде жасырынып жүрген. Оны Түркияның қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты іздеудегі адамдарды анықтау бөлімінің қызметкерлері ұстаған. Қазір күдіктіге қатысты тиісті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
Тергеу дерегіне сүйенсек, қылмыс 2006 жылғы 28 қарашада Жезқазған қаласында болған. Қылмыстық ортада беделді тұлға ретінде танылған Сағит Ш. көлігімен үйіне қайтып бара жатқанда қарулы шабуылға ұшыраған. Белгісіз адамдар оның автокөлігіне оқ жаудырып, салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқан.
Бұған дейін жарияланған ақпараттарда марқұмның ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға миллиондаған доллар көлемінде шығын келтірген қылмыстық топты басқарғаны айтылған.
Ыстамбұлда ұсталған азамат осы қылмысты тікелей орындаған болуы мүмкін деген күдікке ілініп отыр. Оны Ресейдің құқық қорғау органдары халықаралық іздеуге жариялаған.