Үржардағы жол апаты: 9 жастағы қыз комада жатыр

Қаракөз Амантай 26 там. 2025 14:10

Абай облысында болған ауыр жол апатынан кейін 9 жастағы қыз бала Семей медицина университетінің клиникасында комаға түсті. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тағы екі зардап шеккен бала Астанадағы травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы тұрақты, операцияға дайындық жүріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Үржарда жүргізуші аулада отырған алты баланы қағып кеткені хабарланды.

Айта кетейік, Абай облысының Үржар ауданында кәмелетке толмаған балаларға қатысты қайғылы жағдай тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды.

Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазір дәрігерлердің бақылауында қажет медициналық көмек алып жатыр.

"Зардап шеккендер - екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі - Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.

Облыс әкімдігі мәліметінше, қаза тапқан балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажет қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, психологиялық және материалдық көмек те беріледі.

"Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар