Алматы облысы Балқаш ауданының аға прокуроры Қонаевта ұсталды. Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күні кеше телеграм арналарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Балқаш ауданының аға прокурорын үш миллион теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұстағаны туралы ақпарат пайда болған еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстау фактісін растады.
"Біз осы жылдың 12 ақпанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті мен бас прокуратураның жеке қауіпсіздік басқармасының бірлескен іс-шаралары аясында Қ.Сонабаевтың Қонаев қаласында ұсталу фактісін растаймыз", - деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 190-бабының 3-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес тергеу мәліметтері жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысындағы кәсіпорынның экс-директоры 100 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталғаны хабарланған болатын.