Ұлыбританиялық хирургтер әлемде алғаш рет жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде қолдана отырып, науқастың миындағы ісікті сәтті алып тастады. Бұл туралы BBC мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бедфордшир тұрғыны, екі баланың әкесі Рис Хиббертке операция Лондон университеттік колледжінің ауруханасында жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, хирургиялық араласу дер кезінде жүргізілмегенде науқас көру қабілетінен айырылуы мүмкін еді.
Операция кезінде жасанды интеллект жүйесі бейнежазбаны нақты уақыт режимінде саралап, хирургтерге мидағы көзге көрінбейтін маңызды қан тамырлары мен жүйкелерді зақымдап алмауға көмектескен. Соның арқасында мамандар ісіктің барынша көп бөлігін қауіпсіз алып тастай алды.
"Науқастың қауіпсіздігі тұрғысынан бұл технологияның артықшылығы айқын көрінеді. Өйткені адамның басының ішінде бағыт көрсететін жол белгілері жоқ", - деді Рис Хибберт.
Осыдан 18 ай бұрын 48 жастағы Рис Хибберттің денсаулығына қатысты ешқандай шағымы болмаған. Клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі менеджер болып жұмыс істейтін ол күн сайын түскі үзіліс кезінде шамамен үш шақырым жаяу жүретін.
Осындай серуендердің бірінде ер адам көшеде кенеттен есінен танып, денесі құрыса бастаған. Кейін жүргізілген тексеру оның гипофизінде көлемі 11 миллиметр болатын қатерсіз ісік өсіп келе жатқанын анықтады.
Гипофиз – бас сүйектің түбінде орналасқан, көлемі шағын шар тәрізді маңызды мүше. Ол ағзадағы бірқатар гормонның бөлінуін реттейді.