Түркістан: Көгалдандыру, полигондарды заңдастыру және балық шаруашылығын дамыту аудан әкімдерінің басты жұмысы

Dalanews 28 қаң. 2023 06:32 936

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін, оларға кіреберістері мен автомобиль жолдарының бойларын көгалдандыру жұмыстары тапсырылған болатын. Осы ретте Түркістан облысынан құрылған жұмысшы топ арнайы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарына жұмыс сапарымен барып, мәжіліс өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу баса назарға алынған.

Жиында елді мекенге кіреберіс аумақтарға және жол бойына егілген көшеттерді барынша күтіп ұстау, қоршау, суғару жүйесін ұйымдастыру жұмыстары талқыланып, балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетілетіні айтылды.

Жұмысшы топ құрамы аудандардағы салаларға қатысты тиісті жұмыстардың атқарылу барысына жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануда реттеу басқармасының басшысы баяндама жасады.

– Облыста жалпы аумағы 798 939 гектарды құрайтын 852 елді мекен бар. Өңір елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 3 миллионнан аса көшет өндіру қажет болатын.


Аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айларында 345 204 түп әр түрлі көшет босталды. Оның 251 685 данасы тиісті аумақтарға егілді.

Биыл ұсынысқа сәйкес, 626 907 түп көшет егіледі деп көзделіп отыр. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мекемелерінің 2024 жылға 443,1 мың түп, 2025 жылы 492,6 мың түп көшет босату мүмкіндігі бар. Ал аудан, қала әкімдіктері елді мекендерді көгалдандыру бойынша қосымша жобалар әзірлеп, көшетке ұсыныс берген жағдайда орман шаруашылығы мекемелері тарапынан сұранысты толығымен қанағаттандыруға әзір, – деді Қ. Абдуалиев.

Жиын соңында аудан әкімдері мен орынбасарлары Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарында аталған салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен таныстырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар