Freedom Inside '26

“Транстелеком” Екібастұздағы ауқымды жобаға 400 млрд теңгеге жуық келісімшарт алды

“Транстелеком” Екібастұздағы ауқымды жобаға 400 млрд теңгеге жуық келісімшарт алды
Фото: Freepik

“Транстелеком” компаниясы Екібастұзда “Деректер орталықтарының алқабы” (Data Center Valley) жобасы аясында Деректерді өңдеу орталығын (ЦОД) жобалау және салу жұмыстарына қатысты екі ірі келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания “ҚТ-Телекоммен” (100 пайыз “Қазақтелекомға” тиесілі) 196,4 млрд теңгеге, ал Bastau Project компаниясымен 176,8 млрд теңгеге келісім жасаған.

Осылайша, келісімшарттардың жалпы құны 400 млрд теңгеге жуықтады. Бұл көрсеткіш “Транстелекомның” 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңындағы активтері құнының 160 пайызынан асады.

Қазіргі уақытта компания акцияларының 75 пайызы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі Unit Telecom ЖШС-нің иелігінде болса, қалған 25 пайызы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына қарайды.

Бұған дейін “Транстелекомның” бенефициарларының бірі Нұралы Әлиев болған. Ал 2025 жылдың желтоқсанында Тимур Турловтың құрылымдары компанияны сатып алу процесін бастағанымен, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша мәміле әлі аяқталмаған.