Трамп пен Путиннің Қытайға сапары: екі кездесудің астарында не жатыр?

Трамп пен Путиннің Қытайға сапары: екі кездесудің астарында не жатыр?
Фото: AP/РИА Новости

Кейінгі күндері Бейжің әлемдік саясаттың басты орталығына айналды. Бір апта ішінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин алдымен АҚШ президенті Дональд Трампты, кейін Ресей президенті Владимир Путинді қабылдады. Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесулер Қытайдың жаһандық саясаттағы ықпалы күшейгенін аңғартады. Осы тұста Dalanews.kz қос сапардың саяси астарын саралады.

Трамптың сапары

АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге негізінен экономикалық және геосаяси мәселелерді талқылау үшін барған. Кездесу барысында тараптар сауда, Тайвань мәселесі, технология саласындағы бәсеке және Таяу Шығыстағы жағдайды сөз еткен.

Сырт көзге кездесу жылы атмосферада өткендей көрінгенімен, сарапшылар нақты маңызды келісімдер жасалмағанын айтады. Францияның Le Monde басылымының жазуынша, Қытай тарапы кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғанымен, екі ел арасындағы негізгі қайшылықтар сол күйі шешімін таппаған. Әсіресе Тайвань мәселесі, тарифтер мен технологиялық шектеулер бойынша ортақ мәміле болмаған.

Сарапшылардың пікірінше, Трамп бұл сапар арқылы Қытаймен қарым-қатынасты тым ушықтырып алмауға тырысқан. Өйткені АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейгенімен, екі ел бір-біріне әлі де экономикалық жағынан тәуелді.

Ал Қытай үшін АҚШ президентін қабылдау — өзінің әлемдік ықпалын көрсету мүмкіндігі болды. Бейжің осылайша әлемге “АҚШ-тың өзі бізбен санасады” деген сигнал бергендей әсер қалдырды.

Путиннің сапары

Трамптың сапарынан кейін көп ұзамай Бейжіңге Владимир Путин келді. Бұл оның Қытайға жасаған 25-сапары екен.

Қытай тарапы Путинді ерекше салтанатпен қарсы алды. Кремль мен Бейжің бұл кездесуді “стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі” деп атады. Путин де Қытаймен қарым-қатынасты “тарихта ең жоғары деңгейге жетті” деп бағалады.

Алайда халықаралық сарапшылар Ресей мен Қытай қарым-қатынасындағы тепе-теңдік өзгергенін айтады. Украинадағы соғыс пен Батыс санкцияларынан кейін Ресей Қытайға бұрынғыдан әлдеқайда тәуелді бола бастаған.

Қазір Мәскеу үшін Қытай негізгі экономикалық серіктес, ірі нарық, технология мен тауар жеткізуші, халықаралық қысым жағдайындағы маңызды саяси тірекке айналған. 

Al Jazeera сарапшыларының пікірінше, бұл кездесуде Қытай өзін әлдеқайда сенімді әрі мықты позицияда ұстады. Тіпті кей сарапшылар “қазір Қытайға қарағанда, Ресейге Қытай көбірек қажет” деген пікір айтып жатыр.

The Washington Post басылымы да Ресейдің Қытай экономикасына тәуелділігі күшейгенін жазады. Бұрын Мәскеу өзін Бейжіңмен тең деңгейдегі серіктес ретінде көрсетуге тырысса, қазір жағдай өзгергені байқалады.

Қытай әлемге қандай белгі бергісі келді?

Сарапшылар Трамп пен Путиннің Бейжіңге араға бірнеше күн салып келуін кездейсоқтық емес деп есептейді.

Бір жағынан Бейжің АҚШ-пен диалог жүргізе алатынын байқатты. Екінші жағынан Ресеймен стратегиялық байланысын сақтап отырғанын көрсетті.

Яғни Қытай өзін Батыс пен Ресей арасындағы жай бақылаушы емес, әлемдік саясаттағы жеке әрі ықпалды күш ретінде танытуға тырысып отыр.

The Guardian басылымы да бүгінде Бейжіңнің жаһандық дипломатияның басты орталықтарының біріне айналып бара жатқанын жазады. Трамп пен Путиннің араға санаулы күн салып Қытайға баруы — соның айқын дәлелі.

Әлемдегі күш тепе-теңдігі өзгеріп жатыр ма?

Соңғы жылдары әлемде жаңа геосаяси тәртіп қалыптасып жатқаны жиі айтылады. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке күшейіп келеді. Ал Ресей Украинадағы соғыстан кейін бұрынғы ықпалын әлсірете бастағаны байқалады.

Осындай жағдайда Қытай екі ірі державамен де байланысын сақтап, өз ықпалын күшейтуге тырысып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы кездесулердің негізгі месседжі де осы. Бүгінгі әлемдік саясатта Қытайды айналып өту мүмкін емес.