Тоты Әмірова ауыр қайғыға тап болған академияны неге сынады?

Dalanews 11 там. 2017 17:01 1445

Азаматтық авиация академиясының оқу-жаттығу ұшағы оқыстан апатқа ұшырап, курсант Айдар Әбішев пен инструктор Сергей Курченконың мерт болуы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Бүгінде әуеапатының қалай болғанын тиісті орындар тергеп, тексеру жатыр.



Апат айтып келмейді. Әуеапатының анық-қанығына жету үшін біраз уақыт қажет. Сондықтан бұл іске қатысты ой бөліспей тұрып, әліптің артын баққан абзал.

Дегенмен әлеуметтік желінің зор мүмкіндігін пайдаланған кейбір жандар  бұл мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіріп үлгерді. Солардың арасында қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет алып әуе лайнерді тізгіндеген Тоты Әмірова Фейсбуктағы жазбасы қолымызға қалам алуға себепші болды. Араман қуған жап-жас курсанттың мезгілсіз мерт болуы бәріміздің ет-жүрегіміз езіп жібергені түсінікті.

Тоты Әмірова Фейсбуктағы жазбасында өзінің Британияда оқыған кезіндегі іс-тәжірибесімен (көкейдегі ойын бұрын неге айтпаған) бөлісе келе, ол мұндай оқу орындары қала мен ірі елдімекендерден қашық орналасуы керек екенін айтыпты. Иә, мұнайда маңызды оқу орындарының қала сыртынан қашықта орналасуы керек екенін бес жасар бала да біледі.
Академияның іргетасы қаланған кезде бұл жер Алматының адам аяғы аттап баспайтын "бір шеті" болғаны белгілі. Кейінен жұрт жаппай Алматыға көшкенде академия тұрамақ, Алматы халықаралық әуежайының өзі қалың елдімекеннің ортасында қалып қойды емес пе? Сондықтан екенің бірі білетін бұл мәселені Тоты ханымның дабыра қылып көрсетуінде не сыр бар?

Өз жазбасында азаматтық авиация саласының маманы "Әуе көлігін үйренуді бастаған жас пилоттар Алматы сияқты таулы, ауа ағыны қатты емес жазық аумақта үйренуі маңызды. Сондай-ақ, академия басшысы міндетті түрде ұшқыш болуы керек", – деп көпшілікке ой тастапты.

Иә, курсанттардың әуе көлігін тізгіндеп үйренетін оқу-жаттығу алаңының жазық жерде орналасуы қажет екенін кез келген қарапайым адам да түсінеді. Бірақ дәл қазір академия мен оның оқу-жаттығу алаңын орнынан түп көтеріп, басқа жаққа көшіретіндей мүмкіндік бар ма? Әрине, жоқ.

Бұл – бір академияның шешіп тастайтын мәселесі емес. Мемлекеттік тұрғыдан реттелуі тиіс мәселені дәл ауыр қаза үстінде қозғаудың не қажеті бар?
Егер еліміздің азаматтық авиация саласына жаны ауырса, Тоты ханым бұл мәселені бұған дейін неге қозғамады? Әлде осындай оқыс жағдайды күтіп жүрді ме екен? Кім білсін?

Енді "Азаматтық авиация академиясын ұшқыш маман басқаруы керек" дегені "жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартыпты" дегендей академия ректоры Мұхтар Байжұмановқа сын садағын бағыттауы тіпті орынсыз.

Иә, қазіргі ректор ұшқыш емес. Бірақ Мұхтар Қазбекұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінде білім саласын бақылау және кәсіптік-техникалық білім беру ісін дамыту ісімен айналысқан еліміздегі санаулы мамандардың бірі екенін Тоты ханым білмеуі мүмкін емес.



Мұхтар Байжұманов академияға ректор болып тағайындалғалы бері оқу орынның материалдық-техникалық базасы нығайып, түлектерінің біліктілігін шыңдау үшін оншақты жеңіл ұшақ пен замнауыи Airbus және Boeing ұшақтарының  тренажерлерін сатып алғанын білеміз.

Бұдан басқа еліміздегі аузын айға білеген әуе компаниялары есігінен сығалатпайтын академия түлектерін Фниландия, Испания, Литвада білігін шыңдауға мүмкіндік туғызды. Сондықтан еліміздегі азаматтық авиация саласы бойынша маман даярлайтын мемлекеттік оқу орынға орынсыз кінә тағуға болмайды.
Бүгінде біздің ұшқыштар азаматтық авиация саласына маман даярлау ісіне атсалысудан гөрі шетелдік әуе компанияларына жұмысқа тұрып, күреп ақша тапқанды жөн санайды. Егер олар еліміздің азаматтық авиация саласына шынмен жаны ашыса академиямен байланыс орнатып, өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісуге неге ұмтылмайды? Бұған шетелдің әуе компанияларына жалданып жұмыс істеуді қош көретін ұшқыштарымыз жауап берер деп үміттенеміз.   

Ақтөбедегі әуе училищесінде білім алып, Британияда оқуын жалғастырып білікті ұшқыш атанған Тоты ханым да Азаматтық авиация академиясы тәуелсіздік жылдары қандай қиын жағдайды бастан кешкенін білмеген соң, ойланбай ойындағысын ақтара салғанын байқадық. Егер академияның метериалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы соңғы жылдары атқарылған жұмыстар білсе, бұлай деп асығыс байлам жасамас еді.

Иә, бізде азаматтық авиация саласында күрмеуі шешілмеген мәселелері көп. Солардың ішінде ең өзектісі – маман даярлау. Сондықтан еліміздегі азаматтық авиация саласында еңбек етіп жүрген азаматтар күш біріктіріп, оқу орынның дамуына, академия мен еліміздегі әуе компанияларының арасындағы байланысты нығайтуға күш салуы керек.

Академия ауыр қайғыны бастан кешіп отырған сәтінде оқу орынға сын садағын бағыттаудың жөні жоқ деп есептейміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

https://dalanews.kz/9428

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар