Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген қаржыны бақылайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті

Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген қаржыны бақылайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Жаңа комиссияның басты міндеті – бағдарлама аясындағы жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.

Мемлекеттік комиссия нені бақылайды?

Ақорданың мәліметінше, комиссия инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың барлық кезеңіне бақылау жүргізеді.

Атап айтқанда, жоспарлау, қаражат бөлу, мемлекеттік сатып алуларды өткізу және дайын нысандарды пайдалануға беру жұмыстары қадағаланады.

Сонымен қатар комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзімі, құны және заңдылығы бойынша мониторинг жүргізеді.

Қаржылық тәуекелі жоғары жобалар анықталған жағдайда кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар әзірленеді.

Президентке тұрақты есеп беріледі

Бағдарламаның орындалуы жөніндегі мониторинг нәтижелері Мемлекет басшысына тұрақты түрде ұсынылады.

Атап айтқанда, Президентке тоқсан сайын және жыл сайын есеп беріледі.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.

Комиссия құрамына кімдер енді?

Ақорданың хабарлауынша, комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері және сарапшылар кірді.

Сондай-ақ оның жұмысына өңірлер мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысады.