Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Атырауда мұнай компаниясына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Атырауда мұнай компаниясына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды
magnific.com

Атырау облысының прокуратурасы «ЖАН и КС» мұнай компаниясының экологиялық заңнама талаптарын бұзғанын анықтады. Нәтижесінде кәсіпорынға 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, компания ұңғымаларды бұрғылау кезінде пайда болған бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтаған.

Аталған құқықбұзушылық үшін кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Компания салынған айыппұлға сот тәртібімен шағымданғанымен, оның талаптары қанағаттандырылмады. Осылайша, айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енді.

Қазіргі уақытта айыппұл мәжбүрлеп өндіріліп жатыр. Сот орындаушылары Атырау облысының бюджетіне 490 млн теңгеден астам қаражат аударған. Қалған берешекті өндіріп алу прокуратураның бақылауында.

Айта кетейік, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат енді республикалық емес, жергілікті бюджетке түседі. Демек, өндірілген қаражат өңірдің бюджет кірісін толықтырады.