Алматы облысының Шонжы ауылында болған жанжал кезінде 23 жастағы жігіт оқ жарақатынан көз жұмды. Қазір іс бойынша екі күдікті қамауға алынған. Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға шамамен екі ай бұрын ауылдағы дәмханалардың бірінің маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір-бірін танитын азаматтар арасында сөзге келіспеушілік туындап, кейін жанжал төбелеске ұласқан. Сол кезде күдіктілердің бірі атыс қаруын қолданған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Алмас Сламжановтың оң жақ кеуде тұсына бытыра оғы тиген. Жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенше көз жұмған.
23 жастағы Алмастың артында жұбайы мен екі қызы қалды. Жақындарының сөзінше, ол спортпен айналысып, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер болған. Соңғы уақытта ауылдағы құс фабрикасында жұмыс істеген.
Марқұмның әкесі оқиға кезінде баласының жанжалды тоқтатуға тырысқанын айтады.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс құралы тәркіленіп, іс материалдарына тіркелген. Сондай-ақ қарудың шығу тегі, оны заңсыз сатып алу және сақтау деректері тексеріліп жатыр.
Қазіргі уақытта екі адам күдікпен қамауда отыр. Қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Полиция өкілдері істің тергеуі ведомство басшылығының бақылауында екенін хабарлады.
Дереккөз: КТК телеарнасы