СІМ Непалдағы су тасқынына қатысты мәлімдеме жасады

СІМ Непалдағы су тасқынына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Getty Images

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасында болған су тасқынынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта қазақстандықтар туралы мұндай ақпарат тіркелмеген. Сондай-ақ министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Бұған дейін Reuters агенттігі Непалдың туризм басқармасына сілтеме жасап, табиғи апаттан кейін із-түзсіз жоғалған шетел азаматтарының қатарында Беларусь, Бельгия, Финляндия, Франция, Венгрия, Ирландия, Израиль, Қазақстан, Латвия, Литва, Нидерланд, Филиппин, Португалия, Испания және Швеция азаматтары бар екенін хабарлаған болатын.

Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта қазақстандықтардың зардап шеккені немесе жоғалғаны туралы ақпарат расталмағанын атап өтті.

Еске салайық, Қытаймен шекаралас Непалдың таулы Расува ауданында болған су тасқыны салдарынан кемінде 157 адам қаза тапты. 

Бұған дейін 384 адамның, оның ішінде 290 шетелдік азаматтың із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Nepal Tourism ұлттық туристік ұйымының мәліметінше, құтқарушылар іздеп жатқан адамдардың арасында Германия, Испания, Нидерланд, АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания және басқа да елдердің азаматтары бар. Ұйым дерегіне сәйкес, су тасқыны кезінде жоғалған туристердің басым бөлігі Үндістан азаматтары.