Непалдағы су тасқыны: 150-ден астам адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалды

Непалдағы су тасқыны: 150-ден астам адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалды
Фото: Niranjan Shrestha/AP Photo/picture alliance

Қытаймен шекаралас Непалдың таулы Расува ауданында болған су тасқыны салдарынан кемінде 157 адам қаза тапты. Бұл туралы 26 тамызда жергілікті полиция мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін 384 адамның, оның ішінде 290 шетелдік азаматтың із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Nepal Tourism ұлттық туристік ұйымының мәліметінше, құтқарушылар іздеп жатқан адамдардың арасында Германия, Испания, Нидерланд, АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания және басқа да елдердің азаматтары бар. Ұйым дерегіне сәйкес, су тасқыны кезінде жоғалған туристердің басым бөлігі Үндістан азаматтары.

Өз кезегінде Непалдың Туризм министрлігі табиғи апат салдарынан 341 шетелдік азаматтың із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Непал полициясының мәліметінше, Тибетпен шекаралас аймақта жоғалғандардың арасында 26 полиция қызметкері де бар. Апаттан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің нақты саны, сондай-ақ келтірілген шығын көлемі кейінірек белгілі болады.

Су тасқынының нақты себебі әзірге анықталған жоқ. DPA агенттігінің хабарлауынша, апатқа мұздық көлдің жарылуы себеп болуы мүмкін. «Интерфакс» агенттігінің мәліметіне сәйкес, су тасқыны Тибеттен бастау алып, Непалдың Багмати-Прадеш провинциясы арқылы ағатын Бхоте-Коши өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуінен болған.

Ең көп зардап шеккен елді мекендердің қатарында Тимуре мен Сьяпрубеси ауылдары бар. Су базарлар мен тұрғын үйлерді басып, полиция бөлімшелері мен гидроэнергетика нысандарына елеулі зиян келтірген, сондай-ақ көпірлер мен жолдарды қиратып кеткен. Непал премьер-министрі Балендра Шах құтқару операциясына ел армиясы мен қауіпсіздік қызметтері тартылатынын мәлімдеді.

Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметінше, 26 тамыз күні таңертең болған көшкін салдарынан Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гьиронг ауданындағы «Гьиронг» шекаралық өткізу бекетінде көптеген адам қаза тауып, жараланып және із-түзсіз жоғалған. Қытай билігі оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.