ШҚО-да Республика күніне орай 300-ден астам іс-шара өтеді

Dalanews 24 қаз. 2023 13:29 1548

25 қазан – біздің еліміз үшін маңызды күндердің бірі. Бұл күні 1990 жылы Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Мәселен, Шығыс Қазақстанның әр қаласы мен ауданында Республика күніне орай 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мереке аясында ШҚО-да өңір мен елдің дамуына елеулі үлес қосқан шығысқазақстандықтарды мерекелеудің салтанатты рәсімдері өтеді. Бұдан басқа әлеуметтік, қайырымдылық және экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Бұл туралы ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісов айтып өтті.

– Облыс тұрғындары "Қыран елім-Қазақстан!"оның аясында Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау, сондай-ақ туды салтанатты түрде көтеру шарасы  өтеді. Білім және мәдениет ұйымдарында Республика күніне арналған көрмелер, дәрістер, сынып сағаттары өтпек, – деді Серік Жеңісов.

21-28 қазан аралығында "Ертіс Концерт" ғимаратында облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін "Ұлы дала алтыны" көрмесі, кілем тоқу шеберлері және "Абай әлемі"кітап көрмесі ашылды. Сонымен қатар, мереке күні облыстың киелі орындарының бірі-мемлекеттік рәміздер тауына шығу  бірегей шарасы өтпек.  Барлық ниет білдірушілер қатыса алады.


Сонымен қатар, өңірде бірқатар әлеуметтік нысандарды ашу жоспарлануда. Өскемен қаласында 150 орындық "Family Island-2" балабақшасы пайдалануға беріледі.

– Зайсан ауданында Шілікті, Кеңсай, Дайыр ауылдарында күрделі жөндеуден кейін үш ауылдық дәрігерлік амбулатория, Дайыр ауылында "Шығыс Мейірімі" оңалту орталығы, Жамбыл, Қайнар, Қуаныш ауылдарында күрделі жөндеуден кейін медициналық пункттер, Көгедай ауылында шағын футбол алаңы ашылады, сондай-ақ Қайнар ауылында  су құбыры іске қосылады, – деді спикер.

Тарбағатай ауданында Тұғыл ауылындағы Мәдениет үйінің аумағында субұрқақ, балалар ойын алаңы, аллея, Ақмектеп ауылындағы медициналық пункт салтанатты түрде ашылады, Ұлан ауданында Каменка, Алмасай, Казачье ауылдарында бірқатар спорт алаңдарын ашу жоспарлануда, ал Шемонаиха ауданында "Лесенка" балаларды  дамыту орталығы ашылады.

– Барлық елді мекендерде біздің сүйікті Отанымыз туралы танымал композиторлардың әндері шырқалады. Шығыс қазақстандықтарды  Республика күні мерекесіне орай өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз, – деп атап өтті Серік Жеңісов.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар