Алматылық ашық әдебиет мектебі (ААӘМ), «Шеврон» компаниясы және American Space әлеуметтік алаңының бірлескен жобасының аясында, 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында оқытушылар Дина Махметова және Мерей Қосын жас авторларға арналған проза жазудың шеберлік сыныбын қазақ тілінде өткізген болатын.
Шеберханада шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанған 16-20 жас аралығындағы он автор білім алды.
Жинаққа әртүрлі жанрлардағы шығармалар, соның ішінде детективті, мистикалық, фантастикалық, психологиялық әңгімелер және ертегілер енді.
Мерей Қосын, шеберхананың жетекшісі және жинақтың редакторы:
«Меніңше, қазақ әдебиеті біраз уақытқа үнсіз қалды. Бірақ біздің қазіргі қоғам және уақыт өзіндік дауысы бар тұлғаларды дайындап жатыр. Шеберханада жас жазушылармен жұмыс істеу барысында мен осыны анық түсіндім», – деп айтты.
Жастар Әдебиеті Шеберханасында білім алған 18 жасар Сабина Игілік:
«Шеберхана маған көп нәрсені үйретті деп айта аламын. Атап айтсам, идеясы айқын, оқиғасы қызықты көркем шығармаларды жазудың, детальдарға мән берудің қажеттілігін түсіндім. Шеберханаға келгенге дейін көбінесе қазақ әдебиетін оқитын едім, ал қазір шетел авторларының шығармаларымен танысып, жан-жақты ізденіп жүрмін», – деп өз пікірін білдірді.
Бұл 2016-2019 жылдарында ұйымдастырылған алтыншы Жастар әдебиеті шеберханасы. Сабақтар аптасына бір рет өткізіліп, әдебиет теориясына ғана емес, Шеберханаға қатысушылардың үй тапсырмаларын талқылауға арналған болатын. Оқыту тегін болды.
Оқу барысында жас прозашылар жазушылық шеберліктің негізгі дағдыларын меңгеріп, проза жанрларының заңдылықтарымен танысып, көркем мәтінді редакциялауды үйренді. Әннәс Бағдат, Әлібек Байбол, Мұрат Қолғанат, Тілек Ырысбек сынды қазіргі қазақстандық жазушылармен шығармашылық кездесулерге қатысты.
Анықтама:
Алматылық ашық әдебиет мектебі 2009 жылдан бері жұмыс істей отырып, әдебиет теориясынан және жазушылық шеберлігінен 500-ге жуық тыңдаушысына білім берді. 2016 жылы ААӘМ «Орыс сыйлығының» «Ресей Федерациясынан тыс орыс мәдениетінің дәстүрлерін дамытқаны және сақтағаны үшін» ерекше жүлдесін алды.
Дина Махметова – прозашы, драматург, театртанушы (өнертану магистрі). «Мусагет» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Мастер-класс» атты жазушылық шеберлікке үйрететін әдеби семинарға қатысушы.
Алматылық ашық әдебиет мектебіндегі драматургия семинарының жетекшісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы. Бірқатар пьесалар, киносценарийлер, повестердің, драма теориясы туралы ғылыми мақалалардың авторы. Қазіргі драматургия фестивальдерінің қатысушысы (Қазақстан, Өзбекстан).
Мерей Қосын – драматург, сценарист, өнертану магистрі.