Целиноград – бұрынғы Астананың атауы. Бір жылдары Ақмола болып та өзгерді. Қазір елордасы Астана. Целиноград көпұлтты қала болды. Онда неміс, орыс, казак, татар секілді ондаған ұлт өкілі тұрды. Ресми деректерге қарағанда, қазақ ұлтының үлес салмағы тым аз болғаны айтылады.
Целиноград – машина жасау, түсті металдарды өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, астық өндірісі орталығы болды. Мұнда жұмыссыз адамдар кезікпейтін. Қала қарапайым да бұйығы өмір сүрді.
Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бұған дейін де бұл өлкеде бекініс болған. Кенесары бастаған қол Ресей бекінісіне бірнеше мәрте шабуыл жасағаны тарихтан мәлім.
1939 жылдың қазан айында кеңес өкіметі Ақмоланы облыс орталығы етіп бекітті. Бұл жылдары қалада 32,5 мың тұрғын өмір сүрді. Ақмола тарихының келесі бір кезеңі – тың жерлерді игеру жылдары. Бұл жылдары Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына, ауылшаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды.
1960 жылғы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық шықты. 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіліп, 1962 жылы ресми түрде Целиноград атауы бекітілді. Осы жылдары Қазақстанда тың өлкесін құрып, оның астанасын Целиноград қаласы жасау идеясы белең алды. Бірақ ол бастаманы жергілікті ұлт, қазақ халқы қолдамады. Алайда жоба жасалынып, сол жылдары қалада тың игерушілер сарайы тұрғызылды. 355 адамға жоспарланған бұл ғимарат салыстырмалы түрде алғанда Кремльдегі Съездер сарайынан кейінгі екінші орында тұратын.
ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» Қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола болып өзгерді.
Целиноград туралы айтқанда, 1979 жылғы халық толқуын еске алмай кету мүмкін емес. Осыдан тура 38 жыл бұрын Кремль Қазақстанда неміс автономиясын құруға талпынып, арнайы шешім шығарды. Бұған ең алдымен Целиноград тұрғындары қарсы шықты. Олар Қазақстан жерін бөлшектеуге, автономия құруға мүлдем болмайтынын ескертіп, арнайы шеру ұйымдастырды. Бұл халық наразылығын кімнің ұйымдастырғаны әлі күнге дейін белгісіз.
1990 жылдардың басында болашақ елордамыз Ақмола қаласы болып бекітілгеннен кейін Арқа төсіне еліміздің түкпір-түкпірінен тұрғындар көше бастады. Сонда елден бұрын мемлекеттік қызметпен барған бір ағамыз қаладағы қазақтардың бар-жоғы 10 пайызға да жетпегенін, қазақ мектебі, балабақшасы мүлдем болмағанын еске алады.
Астана қаласы
Еліміздің елордасы Астананың құрылғанына келер жылы 7 шілдеде 20 жыл толады. Бұрынғы Целиноград – Ақмола қаласын иемденген шағын қала қазір Қазақстанның саяси-экономикалық орталығы – Астана.
Қазақстан орталығын Арқа төсіне көшіру идеясының авторы – Президент Н. Назарбаев. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ мемлекет астанасын ауыстыру бекіміне келді. 1998 жылы 10 маусым күні қаланың ел орталығы – Астана болу мерекесі ресми түрде аталып өтті.
Қаланың бас жоспарын жасауға Елбасы басшылығымен әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі ағылшын Норман Фостер, италяндық шеберлер – Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас Астана құрылысына қолтаңбаларын қалдырды.
Астана осы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Ол – Шығыс пен Батыстың архитектуралық жаңалықтарын, тарихи байланысын, заманауи жетістіктерді, философиялық мазмұнға бай мәнерді бойына сіңірген ең жас астаналардың бірі.
Қазір Астанада 1 миллионнан артық халық тұрады. Оның басым көпшілігі еліміздің әр жерінен келген мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық және жеке компаниялардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, студенттер мен қарапайым жұмысшылар. Астанаға бүгіндері мәнсап қуып баратындармен салыстырғанда, жұмыс істеу үшін, бизнес бастау үшін баратындардың саны молайғаны байқалады.
Астана – халықаралық маңызды жиындардың, симпозиумдар мен форумдардың ордасына айналды. 2011 жылы Астана төрінде ЕҚЫҰ-ның бірегей саммиті өтті. Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесі ашылып, үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық мамандандырылған көрме ел назарын өзіне аударды.
Астана – сәулеті мен дәулеті жыл санап кемелденіп келе жатқан қала. Астана маңына «Жасыл белдеу» жобасы аясында үлкен орман бағы өсірілуде. Онда әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар отырғызылып, Астана маңыз жасыл желекке бөлеу жоспарланған.
Астана – «Бәйтерек», Ақорда, «Хан шатыр», «Думан», Салтанат сарайы, ЭКСПО қалашығы секілді ондаға бірегей сәулетті кешендер арқылы өзіне елді байрайды. Одан бөлек спорт сарайлары, театрлар, концерт залдары, біреегй ескерткіштер, әлемге танымал оқу орындары Астана даңқын ұзаққа жеткізіп отыр.
Астана – еліміз экономикасын өрге сүйреп отырған локомотив. Болашақта ЭКСПО қалашығын әлемдік экономикалық орталыққа айналдыру жоспары бар. Еліміздің даму барысына көз жібергендер бұл қаланың ел дамуына қосқан үлесі зор екенін айтады. Өйткені, Оңтүстіктегі сауда, қызмет көрсету, өндіріс ошағын ашу қызмет түрлері Солтүстікке жылжыды. Инфрақұрылым, халықаралық қатынас жолдары, автожол мен темір жол салынып, елішілік барыс-келіс нығайды. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ.