Роман жазуға ниеттенген жас қаламгерлерге қолдау көрсетеміз – Жазушылар одағы

Dalanews 22 мам. 2023 15:11 1198

Жас ақындар мен жазушылардың шығармашылық дамуына бұрынғыдан да үлкен қолдау көрсетілмек. Жаңа қызметке тағайындалған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов осындай міндет қойып отыр, – деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

Оның айтуынша, бұған дейін одаққа мүшелікке кіруге өтініш білгендердің жас ерекшеліктеріне шектеу қойылып келсе, енді ондай талап болмайды. Бұл елімізде жаңа қаламгерлер есімін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

– Бұрын Жазушылар одағында жастардың үлес салмағы мүлде аз болатын, – дейді ақын Бейбіт Сарыбай. – Кейінгі бес жылдықта олардың саны көбейген. Жаңа басшылық құрам «сұранысқа сай, жастардың ұсынысына да ашықпыз» деп отыр. Сондай-ақ қазіргі қазақ әдебиетіне бет бұрып келе жатқан жастар арасындағы кемшін тұстарға да тоқталды.

– Жастардың романға баруы некен-саяқ. Мысалы, жиырма жастың біреуі, тіпті елуінің біреуі романға баруы мүмкін. Бір жылда кем дегенде 5 жас жазушының роман жазуына жағдай жасағымыз келіп отыр және соған бір себепкер болсақ дейміз. Жастармен санасып, талап-тілегін ескеріп, құқығын қорғау керек, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай.


Ал әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке одақ жұмысын оңтайландыру үшін әдеби қорды қайта құру керек екенін айтты. Оның айтуынша, бұрын жұмыс істеген бұл жүйе талай жас жазушыға әлеуметтік қолдау көрсеткен. Кейінгі жылдары қор жұмысы тұралап қалғанын айтты.

– Әдеби қорды қайтадан жасақтап, жаңартып, құру керек. Оның механизмдерінің бәрі белгілі. Ал жаңадан сайланған төраға Мереке Құлкенов тәжірбиелі жазушы және бизнестен де хабары мол. Егер ол қолға алса, әдеби қорды қайта құрып, ісін жандандырады дегенге сенімім мол, – деді жазушы, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке.

«Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінің кенже қалып қоймай, көш ілгері дамып отыру керек екенін өз реформасында талай тілге тиек еткен еді.

– Үкімет пен мемлекеттік мекемелер арасында бірнеше жұмыс жасалып жатыр. Ал әдебиеттің дамуы халықтың игілігіне жұмсалады. Сол бағытта көп жоба жасалып жатыр, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Қалибекұлы.


Ел болып атсалысқан жаңа реформаның қабылданғанына бір жылға жуықтады. Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «аз уақытта атқарылған шаруа көп» дейді. Оның айтуынша, Президент бекіткен реформа бір жылдық жұмыс емес. Ол – әр сала мамандарының қажырлы еңбегі мен сүбелі нәтижесінің жемісі.

– Жаңа Қазақстанды құру мәселесіндегі үлкен құжат. Бір жыл болды, талай дүние жасалып жатыр. Үкімет пен халық арасындағы алшақтық жақындап келеді. Бұрынғы кеткен қателіктерді түзету, шетелге кеткен қаржы, қолды болған нысандар, игерілмеген жер сынды мәселелер шешімін тауып жатыр. Мұның бәрі кім үшін керек? Әрине, қазақ деген халыққа керек, – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов.

Әр саладағы өзгеріс, саяси өмірдегі жаңашылдық – Президент пәрменінің іске асып жатқанының айқын дәлелі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар