Freedom Inside '26

Ресейдегі жанармай тапшылығы: тасымалдаушылар Қазақстанға бет бұрған

Ресейдегі жанармай тапшылығы: тасымалдаушылар Қазақстанға бет бұрған
Midjourney, inform.kz

Ресейдегі жанармай тапшылығы автомобиль тасымалы саласына әсер ете бастады. Ресейлік көлік компаниялары бағыттарын Қазақстан арқылы өткізуге көшіріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Коммерсант" басылымның мәліметінше, тасымалдаушылар мұндай шешімді Қазақстанда жанармайдың жеткілікті көлемде қолжетімді болуымен байланысты деп түсіндірген. Нарық өкілдерінің бірі отын сапасы Ресеймен салыстырғанда төмендеу болғанымен, тапшылық жоқ екенін айтқан.

Сондай-ақ, алдағы уақытта тасымал қашықтығы ұлғайып, логистикалық бағыттар жанармайға қолжетімді өңірлерге, оның ішінде Қазақстанға көбірек ауысуы мүмкін екені де айтылған. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты кедендік бақылау рәсімдері қиындатады.

Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 6,4 миллиард АҚШ долларына жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға артқан. Ресейден импорт көлемі заттай есепте 7,5 миллион тоннаға дейін өссе, ақшалай көлем 28,5 пайызға ұлғайып, 4,9 миллиард доллар болған.

Сарапшылардың пікірінше, жанармай тапшылығы жүк тасымалының құнын өсіріп, соның салдарынан тауар қымбаттауына әсер етуі мүмкін.