Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай сатуға қойылған шектеулер күшейіп жатыр. Кейбір жанармай құю бекеттерінде бір көлікке құйылатын бензин мен дизель отынының көлеміне лимит енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселен ресейлік "Бизнес онлайн" порталының мәліметінше, “Газпромнефть” желісінің қала ішіндегі жанармай құю бекеттерінде бір тұтынушыға бір ретте 30 литрден артық бензиннемесе 60 литрден артық дизель отынын сатуға болмайды. Сондай-ақ жанармайды канистрге құюға тыйым салынған.
Ал тасжол бойындағы бекеттерде бензинге қойылған шектеу өзгермеген. Бір көлікке 30 литрге дейін ғана құюға болады. Дизель отынын мұнда 200 литрге дейін сатып алуға рұқсат етілген.
Мәскеудегі “Лукойл” компаниясының үш жанармай құю бекетінде де осындай шектеулер енгізілген. Бір бекетте бір клиентке 30 литрге дейін, қалған екеуінде 20 литрге дейін жанармай беріледі. Бұл желіде де канистрге жанармай құюға тыйым салынған.
Ал Teboil желісіндегі бекеттерде шектеу әртүрлі. Кейбірінде бір көлікке 30 литрге дейін, енді бірінде 20 литрге дейін бензин құйылады. Дизель отыны болса, қорда болған жағдайда 60 литрге дейін сатылады.
Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңесте ірі мұнай өңдеу зауыттарының толық қуатында жұмыс істеп жатқанын, орта және шағын кәсіпорындардың мүмкіндігі де пайдаланылып жатқанын айтқан. Сонымен қатар жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегеріліп, ағымдағы жөндеу мерзімі қысқартылған. Соған қарамастан, жүргізушілер мен бизнес өкілдері үшін жанармай тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Қазір Ресейдің 30-дан астам өңірінде жанармай сатуға түрлі шектеу енгізілген. Бұған мамыр айының соңынан бері байқалған жеткізу тізбегіндегі іркілістер себеп болған. 26 маусымнан бастап "Роснефть" Воронеж, Тамбов және Липецк облыстарында бір көлікке 30 литрден артық жанармай сатпау тәртібін енгізді.