АҚШ-та тұратын қоғам белсендісі, саясаткер Ғалымжан Жақияновтың жары Қарлығаш Жақиянова ел арасында тараған Сара Алпысқызы туралы пікірлерге байланысты өз естелігін жариялап, көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол 2003 жылы саяси көзқарасы үшін сотталған жұбайы Ғалымжанмен кездесуге Құшмұрын түрмесіне жол тартқан сәтті еске алды.
"Ондай кездесуге үш айда бір рет қана рұқсат берілетін. Жол үстінде маған біреу сөйлескісі келетінін айтып, телефон соқты. Бұл — Сара Алпысқызы еді. Сол сәтте көп адам бізден теріс айналған еді, ал оның маған хабарласуы — күтпеген әрі үлкен демеу болды", — деп жазды Жақиянова.
Осы тұста күтпеген жерден оған Сара Алпысқызы өзі қоңырау шалып:
"Мықты бол, жаным. Сен мықтысың. Мен әрдайым сенің жаныңдамын" деп демеу білдірген.
"Бұл қысқа ғана әңгіме еді, бірақ маған ғасырдай әсер етті. Бір жылдан астам уақыт бойы тұмшаланған жан-дүнием алғаш рет жарық сәуле көргендей серпіліп қалды", — дейді ол.
Кейінірек Сара Алпысқызы Қарлығаш Жақиянованы туған өлкесі — Белуха тауына бірге баруға шақырған. Бұл сапарға тек өзіне ең жақын жандарды ертпек болғанын жеткізген. Қарлығаш бұл ұсынысты қабыл алып, Өскеменге, одан Белухаға жол тартқан. Сапар барысында оларды жергілікті билік өкілдері қарсы алғанымен, кейбіреулері Жақияновтың жұбайын танымай, сырт айналғандай болған.
"Бірақ сол жерде “Сонар” ансамблінің жетекшісі Ғибрат мені танып, келіп құшақтап, кешкі концертте жүрекжарды алғысын айтып, “Айналайын” әнін арнады. Оған жауап ретінде Сара Алпысқызы: “Өмір — күрделі, бірақ керемет. Қандай жағдай болса да, адам болып қалуымыз керек” деп, өзі “Жан досым” әнін орындап берді", — деп еске алады Қарлығаш Жақиянова.
Ол Сара Алпысқызын адамгершілігі биік, ары таза, жүрегі мейірімге толы тұлға ретінде сипаттап, қиын сәтте жанынан табылғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар оны түсінде көргенін айтып, бұл оқиғаны бүгінгі қоғамға ой салу үшін жазғанын атап өтті.