Freedom Inside '26

Қосшы атауына қатысты дауға Нұрбек Бекбау пікір білдірді

Қосшы атауына қатысты дауға Нұрбек Бекбау пікір білдірді
gov.kz

Қосшы қаласының атауына қатысты айтылған пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист Нұрбек Бекбау Facebook парақшасында медиа маманы Олжас Байдильданың Қосшы атауын орыс тіліне «Присоедини меня» деп аударуға қатысты айтқан пікіріне жауап берді.

Оның айтуынша, Қосшы атауы бұйрық райдағы сөз емес және оның тарихи мағынасы мүлде басқа.

«Қос – көш, қосшы – көшпелі дегеннің балама атауы. Кейде әскердің дамылдау үшін тіккен лагерін де “қос” деп атаған. Кенесары хан туралы жырларда да бұл сөз жиі кездеседі», – деп жазды Бекбау.

Ол тарихи деректерде «қос» ұғымы көшпелілердің уақытша қонысын, ал «қосшы» сол ортадағы адамдарды білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ кеңестік кезеңде бұл атау мал соңында жүрген шопандарға қатысты да қолданылған.

«Яғни, “Қосшы” – бұйрық райдағы сөз емес, көшпелі дегеннің тағы бір атауы. Оны “Присоедини меня” деп аудару – сауатсыздық пен өз тіліңе деген құрметсіздіктің белгісі», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Олжас Байдильда Қосшы қаласының атауына қатысты әзіл-сықақ сипатындағы пікір айтып, атауды орыс тіліне «Присоедини меня» деп аударуға болатынын жеткізген болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қала атауының шығу тегі мен мағынасы қызу талқылана бастады.