Қызылордалықтар Мемлекет басшысына өңірге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты

Dalanews 10 қар. 2025 14:22

Қызылорда облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірге жасаған сапарынан кейін алғыс хат жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтың дамуына серпіліс берген бірқатар жобалармен танысқан еді.

Сыр жұртшылығы Президенттің бірлік пен тұрақтылыққа, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларын қолдап келеді.

Аймақтағы игілікті істердің жүзеге асуына ерекше қамқорлық көрсеткенін жақсы біледі. Өйткені саяси-экономикалық реформалардың нәтижесі Қызылорда облысының бүгінгі даму серпінінен анық байқалады.

Мемлекет басшысының өңір жұртшылығымен кездесуде айтқан әлемдегі ахуал, су тапшылығы, жастар тәрбиесі, жасанды интеллект дәуірінің жаңашылдықтарын пайдалану туралы пайымдары баршаға ой салды. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананы Қызылорда қаласында салу туралы бастама жұртшылықты қуанышқа кенелтті.

«Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары», — деген Президенттің

оң бағасы ынтымағы мен бірлігі жарасқан Сыр халқының мерейін өсірді.

Сапардан соң, қызылордалықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жолдап, алғыс білдірді.

«Сізге барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды, зор ризашылығымызды білдіреміз.

Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамаларыңызды қолдаймыз! Тәуелсіз еліміздің дамуына бағытталған тарихи миссияңызға мол жетістік, мықты денсаулық және сарқылмас жігер тілейміз!», - делінген хатта.

Сыр жұртшылығының атынан жолданған алғысты жеткізгендер арасында “Қазақстанның Еңбек Ерлері”, ардагерлер мен әйелдер кеңесі, қоғамдық кеңес, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар