Қытайда «Өліп қалдың ба?» деп хабар беретін қосымша трендке айналды

Көркем Алдабергенова 13 қаң. 2026 16:07

Қытайда Sileme деп аталатын мобильді қосымша халық арасында жылдам танылып жатыр. Атауы қытай тілінен аударғанда «Өліп қалдың ба?» деген мағынаны білдіреді. Қосымша жалғыз тұратын адамдарға арналған, деп хабарлайды Dalanews.kz Global Times-қа сілтеме жасап.

Қосымша қалай жұмыс істейді?

Қосымша пайдаланушылардан күн сайын өз жағдайын белгілеуді сұрап отырады. Егер адам екі күн қатарынан белгі қалдырмаса, жүйе оның алдын ала көрсеткен жақынына электронды хат арқылы ескерту жібереді. Осылайша жақындары адамның жағдайын дер кезінде біле алады.

Sileme қазір App Store-дегі ең көп жүктелетін ақылы қосымшалардың көшін бастап тұр. Әзірлеушілердің айтуынша, соңғы күндері жүктеу саны 100 еседен астам артқан.

Қосымшаның бағасы 8 юань (шамамен 586 теңге). Интерфейсі өте қарапайым: онда тек бір ғана «Белгілеу» батырмасы бар. Жобаны жасаушылар Sileme-ді «жалғызбасты адамдарға арналған жеңіл қауіпсіздік құралы» деп сипаттайды.

Бұл жобаны үш жас кәсіпкер дербес стартап ретінде іске қосқан. Қосымша Қытайда тез арада танымалдылыққа ие болып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Алайда кейбір қолданушылар атауына наразы. Олар сервисті Hupzheme («Сен тірісің бе?») деп өзгертуді ұсынады.

Сын айтқандар қазіргі атау Қытайдың мәдени дәстүрлеріне қайшы деп санайды. Дегенмен, сервистің пайдасын көпшілік жоққа шығармайды. Көп адам Sileme тек қарттар үшін емес, жалғыз тұратын жастар үшін де маңызды құрал екенін атап өтеді.

Жоба командасының хабарлауынша, жақын арада SMS арқылы хабарландыру жіберу, ішкі хабарлама алмасу және егде жастағы адамдарға ыңғайлы функциялар енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар олар қосымшаның атауын өзгерту туралы ұсыныстарды да қарастырып жатқанын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove