Қытай Қазақстаннан не көздеп жүр: арнайы статистика пайда болды

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2024 16:49 3452

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жылдан асты. Осы қысқа мерзім ішінде екі ел берік мемлекетаралық байланыс орнатып, Қытай Қазақстан экономикасына жоғары мөлшерде инвестиция сала бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Иә, Қытай Қазақстанның экономикалық өсімінің басты серіктесі екені анық. Бұған Ұлттық банкінің дәлелдерін келтірсек болады. Олардың деректеріне сәйкес, инвестиция көлемі бойынша ҚХР Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді.

Еліміз негізінен Қытайға мұнай, мыс және мыс катодтарын, кен, табиғи газ, ферроқорытпа, уран мен күнбағыс майын жеткізеді. Ал Қытайдан Қазақстанға техникалар, электр генераторлық қондырғылар, қара металдардан жасалған бұйымдар, шиналар, жол және құрылыс техникасы және автомобильдер әкелінеді. Ендеше соңғы статискаға сәйкес екі ел арасында экономикалық байланыс неше есеге артқан? Осыған тоқталып өтейік. 

Мәселен, 2023 жылы екі ел арасында тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсіп, 31,4 миллиард долларға жетті.

Экспорт 34,7%-ға өсіп, 14,7 млрд долларға жетті.

Қазақстан Қытайға кеннің – 8,6 млн тоннасын (+30,5%), мұнайдың – 5,7 млн ​​тоннасын (+7,5%) сатты. Сонымен қатар мұнай газының тасымалы да артты. Ол 5,8 млрд текше метрді (+15,5%) құрайды. Ал уран – 10,4 мың тонна (+42,7%) және ферроқорытпалар – 621,9 мың тонна (+6,7%).

Сонымен қатар Қытай қазақстандық майлы дақылдарды (күнбағыс, зығыр) 1,5 есе (631,3 мың тонна) көп сатып алуда. Дегенмен мыс экспортының айтарлықтай төмендеуі де байқалады – 13,6% (237,5 мың тонна).

Бұл ретте импорт 44,8%-ға өсіп, 3,9 млн тоннаға жетті.

Қытайдан Қазақстанға киім тасымалы 2,1 есеге (642,4 млн. дана), ал аяқ киім  2,8 есеге (106,4 мың тонна) артып, импорттала бастады.

Автокөлік жеткізу – 61,4 мың (+төрт есе), компьютерлер, ноутбуктер – 6 млн-ға (+1,8 есе) артты. Пластмасса және олардан жасалған бұйымдар импорты 8,4%-ға өсіп, 314 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар Қытайдан Қазақстанға жемістер белсенді түрде әкелінді – 136,3 мың тонна (+2,2 есе).

Бірақ смартфон импорты 3,3%-ға (6 млн бірлік) қысқарды.

2023 жылдың үш тоқсанына байланысты статистикаға көз жүгіртсек, Қытай Қазақстан экономикасына 1,3 млрд доллар инвестиция құйған. Яғни, 36,5%-ға өскен.

Ал жергілікті инвесторлар Қытайға 32,5 миллион доллар (-4,7%) инвестиция салған.

Қытайдың қатысуымен заңды тұлғалар мен филиалдар саны 37,8%-ға өсті. Осы жылдың 1 қаңтарында олардың саны 2,4 мыңға жетті.

Бұл компаниялардың қызметі негізінен сауда, автокөлік жөндеу (934) және құрылыс (204) салаларында ұсынылған.

Егер көші-қонды қарастыратын болсақ, 2023 жылы Қытайдан Қазақстанға 981 адам көшіп келген.

Ал Қазақстаннан Қытайға 18 адам көшкен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар