Қазақстанда жыл соңына дейін шетелден алма әкелуге тыйым салынды

Қазақстанда жыл соңына дейін шетелден алма әкелуге тыйым салынды
Фото: ЖИ

Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін шетелден алма импорттауға шектеу енгізді. Енді тыйым Ресей мен Қырғызстанды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қолданылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Protenge мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы тиісті №326 бұйрыққа қол қойған.

Бұған дейін мұндай шектеу 2024 жылы енгізілген еді. Алайда ол кезде тыйым ЕАЭО құрамына кірмейтін елдерден автомобиль көлігімен жеткізілетін алмаға ғана қатысты болды. Жаңа талап бойынша жемісті кез келген көлік түрімен барлық мемлекеттен әкелуге рұқсат етілмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған ұқсас алдыңғы шешімді отандық бағбандарды қолдау қажеттілігімен түсіндірген. Шектеу өнім жинау кезінде ішкі нарықты қорғауға және жергілікті шаруалардың алмасын қолайлы бағамен өткізуіне мүмкіндік беруге бағытталған.

2024 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанға 107,3 мың тонна алма импортталған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға көп. Елге алма жеткізген негізгі мемлекеттердің қатарында Польша, Иран, Өзбекстан және Қытай болған.