Экспортқа бағытталған осы кәсіпорынның ашылуының нәтижесінде өңірге 2,9 млрд. инвестиция тартылып, 80 жаңа жұмыс орны құрылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ет комбинатының салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер және өзге де ресми өкілдер қатысты.
Кәсіпорын жылына 8 мың тонна ет өнімін шығаруға қауқарлы. 12 мың банкаға арналған консервілік желісі, 14 тонналық қан және сүйек ұны зауыты бар. Ет комбинаты базасында 80 жұмыс орны ашылған, жобаға 2,9 млрд.теңге инвестиция тартылған.
Ет комбинатының ашылуында облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікті кәсіпорынның ашылуымен құттықтап:
«Республикада ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 20 процентін Алматы облысы өндіреді. Өңірде 1 миллионнан астам бас ірі қара және 4 миллионнан астам бас ұсақ мал бар. Сондықтан етті тереңнен өңдеу және заманауи технологияларды қолдана отырып, экспортқа бағытталған өнім өндіру – басым бағыттардың бірі.
Осыған орй Конституция күні аясында ет комбинатының іске қосылуы, атап айтқанда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инвестицияның тартылуы, «Қазақстанда жасалған» белгісімен сапалы өнім шығару – біз үшін зор қуаныш. Осының бәрі – жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың жемісі. Инвесторларға, осы жобаны іске асыруға атсалысқан барлығыңызға алғыс айтамын, - деді А.Баталов.
«Баршаңызды өңірдегі ірі кәсіпорынның ашылуымен құттықтаймын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы ет өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырма берген болатын. Бүгін біз сол тапсырманың орындалуының нақты нәтижесін көріп отырмыз.
Жалпы Алматы облысында ауыл шаруашылығы барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл сайын қант қызылшасының алқабы ұлғайтылып, бұрын тоқтап қалған қант зауыттары қайта іске қосылды. Бақ өсіру де қолға алынған. Өңір республикада мал басы саны жағынан алдыңғы орында. Ендігі міндет - өңдеу ісін жандандыру», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер де сөз алып, екі ел арасындағы іскерлік байланыс, өзара ынтымақтастық бұдан әрі де жалғаса беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде «Империя Фуд» ЖШС директоры Джавидан Арман Джавад өндірісті іске қосудың барлық кезеңдерінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларға ризашылығын білдірді. Сол сияқты жергілікті бюджет есебінен жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары үшін облыс басшылығына да алғыс айтты.
Жаңа нысанның лентасы қиылғаннан кейін шараға қатысушылар мен қонақтар ет комбинатын аралап көріп, мал сою, бөлшектеу, орау цехтарында болды.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 332 тонна ет өнімін кұраған. 73 тонна ет Иран мен Бахрейнге экспортталған, жыл соңына дейін тағы 640 тонна өнім экспорттау жоспарланып отыр.
Атап өтсек, Алматы облысындағы қолайлы инвестициялық климаттың арқасында өңірде жалпы инвестиция көлемі 1 трлн. теңге болатын 38 жоба жүзеге асырылуда.