"АвтоВаз-дың" сыбайласы саналған әрі қазақстандық нарықты орыстың қаңсығына толтырып тастаған Балушкин пенсиядағы экс-президентке де өкпе артқан.
"Назарбаевтың үш бірдей сайлау кампаниясын мен өткеріп бердім. Сайлау штабын қаржыландыруға шытырлатып ақша санап жүрген кез-келген кәсіпкер бара бермейді. 15 жыл бойы осы науқанның шығынын көтеру маған жүктелді. ШҚО-ның дауыс беруге жарайтын тұрғындарын сирағынан сүйретіп, сайлау учаскесіне апардық. Үлкен кісіге дауыс бергендердің үлесін көтердік...", - дейді Балушкин.
Қашқындағы миллиардер өзіне шаң жуытқысы келмей бар кінәні Мәсімовке, Мәминге және Склярға аударуға тырысыпты.
"Мұрттының" қылышынан қан тамып тұрған шақта "Бипек автодан" үлес дәметкенін майын тамызып отырып әңгімелеген екен. Біз барынша сығымдап ұсындық.
"Мәсімов мені сепаратиске айналдырды. Бізді "орыс әлемінің" шпионына балап, іске саяси реңк берген де осы оңбаған. Мәсімовтың күйеубаласы Азамат Қапенов менің кураторым есебінде жүрді.
Олардың шарты: бизнестің 10%-ын өзіме қалдырып, 90%-ын Кәрімнің қолына ұстатамын.
"Бипектің" активі 650 млн долларға бағаланды. Құрылыс компаниясына иелік еттік. Бұған қоса 700-ге тарта арнайы техникамыз бар-тын. Зауытымыз жұмыс істеп тұрды.
Мәсімовтің әдепкі рэкеттен айырмасы шамалы, оның көкейін тескен ақша еді, пішен ақша...", - дейді Балушкин.
Балушкиннің байлығын басып қалуды көздеген Мәсімов - Мәмин тандемі кәсіпкерді балағаттап, экс-президентке арыз айта барған-мыс. Сөй деген Балушкин өзін ескі Қазақстан өкілдерінің құрбаны ретінде сипаттапты.
"Ілгердегі екеу мені Назарбаевпен шағыстыруға тырысты. Мені сепаристердің санатына қосып, Шығыстағы ?? "орыс әлемін" ұлықтайтын аудиторияның көсемі деп таныстырды. "Өңірде Қазақстанды төңкергісі келетін орыс шовинистерін топтастырып жатыр" деген мәлімет берді.
Экс-президент бұған иланып қалды. Соңғы сөзін айтып, мені сабама түсіру туралы бұйрық берген де сол кісі...", - дейді Балушкин.
DALA INSIDE Мәсімовтің сөзін сөйлеуден аулақ, десе де "Балушкин Кремльге жұмыс істейді..." деген "мұрттының" уәжінде логика бар. Қашқындағы миллиардердің Қазақстаннан сытылып шыққалы тек ресейлік, соның ішінде Кремль маңындағы масс-медиаға сұхбат беруі бекер емес. Біз білсек, мұндай контент Путин әкімшілігінің келісімімен ғана жүзеге асады.
Кремль Балушкинді ескі де жаңа Қазақстанға айдап салды деуге негіз бар. Алысқа барудың қажеті жоқ.
Балушкиннен "айырылғалы" АвтоВаз-дың қанаты қиылған. Lada-ның біздің нарықтағы үлесі 42 пайыздан 2 пайызға дейін құлдыраған. Ресейдің салдыр-гүлдір көлігін өзбектің Chevrolet-і (28 пайыз) басып озған. Балушкин бұған қатты қынжылатынын жасырмайды.
Бұдан өзге "Бипек Автоның" өндірісін конкуренті Андрей Лавреньтев иелік ететін "Аллюр автоға" көшіруге сол тұстағы премьер Мәмин мен оның орынбасары Склярдың ықпал еткенін айтады Балушкин. "Аллюрге" қатысты тағы біраз компроматпен бөлісіп, Лавреньевтің компаниясы 300 млн доллардың мемкөмегін алғанын, мұншама ақшаның суға сіңіп жоқ болғанын сөз еткен.
Айта кетелік, елде Балушкиннің үстінен іс қозғалған. Оған мемлекетке тиесілі 174 млрд теңгені қалтасына басты деген айып тағылған. Сарапшылардың айтуынша, Анатолий Балушкин дәулеті - 150 млн доллар.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстаннан тыс жерде жүрген миллардер Анатолий Балушкинді сотқа дейінгі тергеу органына шақырған.
Анатолий Балушкин «Азия Авто» және «БИПЭК Авто Қазақстан» компаниялары акцияларының бақылау пакетіне ие болған. 2020 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниясымен көлік құрастыру жөнінде келісімді бұзған. Ведомство компаниядан 2010 жылдан бері 174 млрд теңге көлемінде (405 млн доллар) алған жеңілдіктерді қайтаруды талап еткен. Министрлік сотта компанияны жеңген. Алайда мемлекеттен миллиардтаған қаржы алып, қашып кеткен Балушкин әлі күнге қолға түскен жоқ.
Сондай-ақ 2022 жылдың шілдесінде халықаралық іздеуде жүрген кәсіпкердің ісі бойынша 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде Рахманов қайнары, Нұртау және Порт-Фортуна демалыс орындары) және 1 мыңға жуық жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы өтінішхат сотқа жіберілгені хабарланды.
Forbes сайтының жазуынша, Анатолий Балушкин 2020 жылы Қазақстандағы ең ықпалды және ең ауқатты кәсіпкер тізіміне енген.
https://dalanews.kz/del-qazir/87320-qostanay-akimdigine-qazaqtyng-dastur
https://dalanews.kz/news/87055-amanat-partiiasy-aqtobe-oblysynda-42-mln-sharsh