"Назарбаев билігі кезінде мен де жеймін, сен де жейсің деген нәрсе болды" - сарапшы

Сағыныш Сардарова 20 ақп. 2024 10:02 2569

Экономист Бауыржан Мұқанов Мәжіліс депутаты, журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында шет елге кеткен заңсыз активтерді қайтару жайы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бауыржан Мұқанов заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы комиссияның идеясы өте жақсы екенін жеткізді. Өйткені бұған дейін көп нәрсе заңсыз жолмен кеткен. Әсіресе, мұнай қымбатшылығы кезінде жүгенсіз кетіпті.

"Мұнай өте қымбат 110-120 доллар болған кезде 2008-2010 жылдары, Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезінде, қазір Назарбаевты жамандау мода ғой, сол кезде қоғамдық келісімде "мен де жеймін, сен де жейсің, халыққа да бірдеңе бер, Астана да салынсын, бәрімізге жетеді, ешкім ақшасыз, жұмыссыз қалмайды, бәріңе де жететін нәрсе, қырылыспай-төбелеспей жеңдер" деген нәрсе болды", - дейді Бауыржан Мұқанов.

Экономистің сөзінше, қазір бәрі керісінше, қиындап кеткен. Сарапшы алдағы Үкімет бұл мәселені қалай шешетініне болжам жасады.

"Одан кейін Тоқаев Президент болғаннан кейін заман қиындап кетті, коронавирустан бастап, кризис бәрі бар, тіпті соғыс басталып кетті. Сол кезде не жеу керек, не экономиканы дамыту керек (деген нәрсе болды - еск.). Бұрын жеп үйреніп қалғандар оған қарамайды, жегісі келеді. Бірақ экономика құлап кетеді. Өндіріс жасалмаған. ...Соттасу да бизнес дегендей, Бектеновтің негізгі кәсібі - бар ақшаны тиімді пайдалану және шығармау. Осы жұмыстың өзі жақсы атқарылса, ол да жетеді. Бірақ негізгі мақсат - өзімізді-өзіміз асырайтындай өндіріс (құру - еск.)", - дейді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар