Министр мінген ұшақ Ресей шекарасы маңында "жоғалып кетті"

Министр мінген ұшақ Ресей шекарасы маңында "жоғалып кетті"
РИА Новости / Сергей Мамонтов

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили отырған Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналынан айырылған. Осыған байланысты экипаж үш сағаттық ұшу кезінде басқа навигациялық жүйені пайдалануға мәжбүр болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Британдық Press Association агенттігінің хабарлауынша, оқиға өткен аптада Джон Хили Эстониядағы британ әскерилерімен кездесуден кейін елге қайтып бара жатқан кезде болған. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып The Times басылымы жазды.

Ақпаратқа сәйкес, ұшақтың GPS сигналы Ресей шекарасына жақын жерде бұғатталған болуы мүмкін. Британдық БАҚ бұл жағдайдың артында Ресей тұруы ықтимал екенін жазып жатыр. Алайда Ресей билігі әзірге бұл мәліметтерге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Хабарланғандай, GPS жүйесі ұшу бойы қолжетімсіз болғандықтан, ұшқыштар басқа навигациялық жүйеге сүйенген. Дегенмен Британия қорғаныс министрінің дәл осы әрекеттің нысанасы болған-болмағаны белгісіз. The Times дерегінше, ұшақтың бағыты әуе кемелерін бақылауға арналған сайттарда көрініп тұрған.

Бортта министрден бөлек фотографтар мен журналист те болған. Жолаушыларға Dassault Falcon 900LX ұшағының қауіпсіздігіне ешқандай қауіп төнбегені айтылған.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз бұл жағдайды "Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу" деп бағалаған. Оның сөзінше, британдық әуе күштері мұндай әрекеттерге қарсы тұруға жақсы дайындалған.