Мигранттар дағдарысы: Санчес Ресей мен Израильді айыптады

Мигранттар дағдарысы: Санчес Ресей мен Израильді айыптады
Jesús Torres/Europa Press/IMAGO

Испания премьер-министрі Педро Санчес әлеуметтік желілерде Сеутаға мигранттардың жаппай ағылуына ықпал еткен дезинформация тарағанын мәлімдеп, оны Ресей және Израильмен байланысты желілермен, сондай-ақ халықаралық ультраоңшыл топтармен байланыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«30 және 31 шілдеден кейін әлеуметтік желілерде Ресеймен де, Израильмен де байланысты, сондай-ақ миграция тақырыбын Испанияға ғана емес, Еуропаға да шабуыл жасау және оны бөлшектеу үшін үнемі пайдаланатын халықаралық ультраоңшыл қозғалысқа қатысты қауесеттер мен дезинформация тарады», – деді Санчес Cadena SER радиосына берген сұхбатында.

Испания премьер-министрінің айтуынша, Сеутадағы мигранттардың жаппай ағылуына не себеп болғаны әлі де тергеліп жатыр. Ол биліктің интернетте жалған ақпараттың таралғанын көрсететін деректері бар екенін атап өтті. Алайда бұл жағдайдың артында міндетті түрде белгілі бір мемлекет тұр дегенді білдірмейтінін айтты.

Сеутада не болды?

30 және 31 шілдеде шамамен 70-72 мың адам Мароккодан Испанияның Африканың солтүстігіндегі автономды қаласы Сеутаға заңсыз өтуге әрекет жасаған. Сеута Мароккомен құрлық арқылы шектеседі. Испания билігі бұл жағдайды мигранттардың бұрын-соңды болмаған жаппай ағылуы деп атады. Жергілікті биліктің мәліметінше, шекарадан өту әрекеті кезінде кемінде 100 адам қаза тапқан.

Кейін келгендердің басым бөлігі Мароккоға қайтарылды. Санчестің айтуынша, шамамен 70 мың адамның 90 пайызы өз еркімен қайтқан, алайда шамамен 5 мың мигрант әлі де Сеутада қалып отыр. Олардың шамамен 1,2 мыңы – кәмелетке толмағандар.

Жағдай қалада әлі де шиеленісті. Жергілікті тұрғындар наразылық акцияларын өткізуде, ал мигранттарға арналған уақытша лагерь маңында жекелеген қақтығыстар мен шабуылдар орын алған. Испания билігі Сеутаның экономикасын қалпына келтіруге және дағдарыстың салдарын жоюға қосымша қаражат бөлінетінін жариялады.

Дезинформация қалай тарады?

Санчес дағдарыстың негізгі факторларының бірі ретінде Испания Жоғарғы сотының шешімін бұрмалап түсіндіруді атады.

Әңгіме Сеута мен Мелильяға теңіз арқылы келген мигранттарды қайтару тәртібіне қатысты сот шешімі туралы болды. Әлеуметтік желілерде егер адам Сеутаға жүзіп өтсе, испан билігі оны елден шығара алмайды деген ақпарат тараған.

Санчес бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмегенін айтты. Алайда оның әлеуметтік желілерде белсенді таралғанын және адам саудасымен айналысатын қылмыстық ұйымдар оны пайдаланғанын мәлімдеді.

Бұған дейін ақпараттық кеңістікті талдау барысында TikTok, Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде Испания шекарасы ашық және елге келген адамдардың онда кедергісіз қала алатыны туралы жарияланымдар тарағаны анықталған. Соның салдарынан ықтимал мигранттар арасында шекарадан өту бағыттары мен тәсілдері туралы нұсқаулықтар тізбегі пайда болған.

Жекелеген зерттеулер Ресейдің ақпараттық желілерімен байланысты аккаунттардың белсенділігін де көрсеткен. Дезинформацияға қарсы 411 тобының мәліметінше, жаппай миграция басталғаннан кейін Ресеймен байланысты аккаунттар оқиғаны Испанияға ұйымдастырылған «шабуыл» ретінде көрсететін хабарламалар таратқан. Кейбір жарияланымдардың қаралымы жүздеген мыңға жеткен.

Сонымен бірге зерттеушілер мигранттардың өз арасында ақпараттың негізінен қарапайым қолданушылардың аккаунттары арқылы тарағанын атап өтті. Яғни барлық ақпараттық науқанның нақты бастапқы көзі бір орталықтан басқарылған деген қорытынды жасауға әзірге негіз жоқ.

Мадрид Марокконың қатысын жоққа шығарды

Шетелдік ақпараттық желілерге тағылған айыптар аясында Санчес мигранттардың жаппай шекарадан өтуін Марокко билігі ұйымдастырды немесе әдейі жол берді деген болжамдарды да жоққа шығарды.

Оның айтуынша, Испанияның қауіпсіздік күштерінде, Ұлттық барлау орталығында және басқа да барлау қызметтерінде Марокко билігінің жаппай шекарадан өтуді ұйымдастыруға қатысы бар екенін көрсететін ақпарат жоқ.

Санчес Испания мен Марокко арасындағы миграциялық саладағы ынтымақтастықты оң бағалады. Оның сөзінше, дағдарыс басталғаннан кейін Марокко билігі Сеутаға қарама-қарсы орналасқан Кастильехос қаласының маңында полиция күштерін жедел күшейтіп, адамдардың жаңа легін тоқтатуға тырысқан.

Алайда Испания оппозициясы бұл түсініктемеге күмән келтірді. Халықтық партия өкілі Борха Семпер ондаған мың адамның бір уақытта шекараға қарай бет алғанын Марокко билігінің байқамауы қиын екенін айтты. Оппозиция сондай-ақ Санчес үкіметін дағдарысқа жеткілікті деңгейде дайын болмады деп сынады.

Израиль айыптауды жоққа шығарды

Израиль тарапы Санчестің мәлімдемесіне жауап берді.

Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Испания премьер-министрін өтірік айтуға айыптап, Израиль Сеутадағы оқиғаларға қатысты дезинформация таратпағанын мәлімдеді.

Ресей тарапы да Мадридтің айыптауларын мойындаған жоқ. Ал Санчес сілтеме жасаған Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Ресей және Израильмен байланысты желілерге қатысты қорытындыларының негізінде жатқан барлық мәліметті әзірге толық жариялаған жоқ.

Осылайша, шілдеде Сеутада болған дағдарыстың нақты себептерін анықтау бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі таңда Испания үкіметі оқиғаны бірнеше фактордың жиынтығымен байланыстырады. Олардың қатарында әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуы, адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың қызметі, экономикалық мәселелер және аймақтағы күрделі миграциялық ахуал бар.

Сонымен қатар Санчестің мәлімдемесі миграциялық дағдарысты тағы бір халықаралық ақпараттық қақтығысқа айналдырды. Мадрид шетелдік мемлекеттермен байланысты желілер миграция тақырыбын Испания мен Еуропада саяси тұрақсыздық туғызу мақсатында пайдалануға тырысты деп санайды. Алайда бұл айыптаулар әзірге сот арқылы немесе аяқталған тергеу нәтижесінде дәлелденген факт емес.