Қазақстанда бірінші рет ашылған McDonald's-тегі ұзын-сонар кезек батыс баспасөзіне де ілінді. Сонымен бірге Алматы әлемдегі арзан қалалардың қатарына да кіріпті.
Американың New York Post газеті "Жылқы еті мен қымыз – халқының ең жеңсік тағамы саналатын әрі Саша Барон Коэннің кейіпкері "Борат" туған Орталық Азияның шағын елінде сейсенбі күні McDonald's өзінің алғашқы мейрамханасын ашты" деп жазды. Газет Қазақстанда америкалық Starbucks кофеханалар желісі мен Францияның Carrefour супермаркеттер желісі ашылғанын да хабарлаған.
Ұлыбританияның Daily Telegraph газеті "Кеше Қазақстанның астанасында алғашқы McDonald's ашылды, фри картошкасы, бюргер мен McDonald's желісінің құрамы құпия тұздығының дәмін алғаш татып көру үшін жұрт ұзақ-сонар кезекке тұрды. Бұл көрініс 2006 жылы комедиялық фильм әйгілі еткен ойдан шығарылған қазақстандық тілші Боратқа "Американы ұлы елге айналдырған нәрсе" ретінде сөзсіз ұнар еді" деп жазады.
Ұлыбританияның Mirror газетінің "McDonald's желісінің Қазақстандағы алғашқы мейрамханасы ашылу рәсіміне жүздеген адам келді, бірақ ас мәзірінде ұлттық тағам жоқ" деген мақаласында ертеректе қазақстандық McDonald's мейрамханасының қожайыны бизнесмен Қайрат Боранбаев ішінде жылқы еті бар "қазақтың ұлттық тағамдары" болады деп уәде еткенін жазады.
Ал Ұлыбританияның Daily Mail газетінің жазуынша, Economist Intelligence Unit институты Алматыны әлемдегі тұрмыс деңгейі ең арзан қалалар қатарына қосқан. Ең арзан қалалар тізімінде Алматыдан бөлек, Замбияның Лусака, Үндістанның Бангалор мен Бомбей, Алжирдегі Алжир қалалары енген. Әлемнің ең қымбат қалалары қатарында Сингапур, Цюрих, Гонконг, Женева және Париж аталған.