Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталғанына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы облыс әкімі Dala подкаст жобасының "Өңірлер экономикасы" айдарында айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Марат Сұлтанғазиев Бағдат Қарасаев аудан әкімі болғандықтан оның тікелей басшысы екенін атап өтті.
"Бұл жайлы ақпарат алардан бұрын талқылаған болатынбыз. Кейін құқық қорғау органдарына тексеріс жүргізсін деп жібердік. Одан кейін Президен әкімшілігіне жұмыстан босату бойынша хат жібердік. Екіншіден, Қарасаевтың қай уақытта қызметтік өкілін асыра пайдаланғаны маңызды. Егер қоқыс полигоны туралы айтар болсақ, ол 2019 жылы кәсіпкерлерге қолданысқа берілген.
Бағдат Қарасаев жұмыстан босатылды, себебі оның қызмет ету мерзімі бітті. Айып тағылғанға дейін екі жылдық жұмыс мерзімі аяқталған. Ротацияға сәйкес, ол саяси қызметкер болғандықтан жұмыс істеу мезгілі бар. Мерзімі аяқталған соң кетті", дейді Сұлтанғазиев.
Марат Сұлтанғазиев Бағдат Қарасаевтың қызметтік мерзімі оған айып тағылып, ұсталғанға дейін аяқталғанын атап өтті. Облыс әкімі бұл оқиғадан кейін өзінің отставкаға кетуі не кетпеуі туралы пікір білдірді.
"Жалпы айып тағылғаннан кейін ол қызметкер болмады. Әрине, заңға бағынамыз. Егер бізді де жұмыстан босатамыз десе, саяси қызметкер болғандықтан ешқандай мезгілге де қарамайды", дейді Марат Сұлтанғазиев.
Ол Іле ауданына жаңа әкім ретінде бірнеше кандидат ұсынылғанын айтады.
"Сондықтан оның өзінің рәсімі бар. Содан кейін тағайындалады", дейді облыс әкімі.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бекайдаров Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ісі жөнінде толығырақ ақпаратты жариялаған болатын. Тергеуге ілінген әкім Қарасаев аймаққа 204 млн теңгеге залал келтіріп, басқа да лауазымды тұлғаларды қылмыстық схемаға тартты деген күдікке ілінген.
Бағдат Қарасаев өзіне аффилиирленген компаниясына қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, санитарлық-эпидемиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген.
Сонымен қатар, ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдік бойынша тергеліп жатыр.
Бекайдаровтың айтуынша, қылмыстық схемаға Қарасаев аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан.
Компанияның тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған.
– Оның қызметінен түскен табыс оны жеке байытуға бағытталған, – деді Антикор өкілі.
Құқыққа қарсы іс-қимылдар салдарынан Алматы облысының экологиясына 204 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуып жатыр.
Бағдат Қарасаев биыл 4 қыркүйекте ұсталды.