Мәдениеттің келешегі – жас таланттардың қолында

Мәдениеттің келешегі – жас таланттардың қолында
magnific.com

Өнер мен мәдениет – ұлттың рухани келбетін айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан шығармашыл жастарды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және жаңа есімдердің қалыптасуына мүмкіндік беру мәдени саясаттың маңызды бағыттарының қатарында. 

Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық фестивальдердің лауреаты Фархадбек Қанафиннің айтуынша, бүгінде жас таланттарды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Театрлар жас режиссерлер мен актерлерге мүмкіндік беріп, олардың кәсіби ортаға араласуына жағдай жасауда. Маман мәдениетті дамытудың басты шарттарын атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Маманның пікірінше, ең алдымен жас режиссерлерге арналған гранттық бағдарламалардың санын арттыру қажет. Мұндай қолдау шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға, кәсіби топ құрып, толыққанды қойылымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жас мамандардың шығармашылық әлеуетін ашып, театр өнеріне тың серпін береді.

Фархадбек Қанафин сондай-ақ жас режиссерлерге арналған ғылыми-зерттеу орталығын құрудың өзектілігін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай орталықта театр оқу орындарының түлектері мен жас актерлер бірлесіп жұмыс істеп, жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашар еді. Сонымен қатар шетелдік тағылымдамалар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейту де жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Жас шығармашыл буынның дамуына фестивальдердің де ықпалы зор. Осыған байланысты режиссер жас режиссерлерге арналған шығармашылық алаңдардың санын көбейтуді ұсынады. Оның айтуынша, мұндай жобалар жастардың тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз жұмыстарын кең аудиторияға таныстыруына мүмкіндік береді.

– Жас режиссерлердің шығармашылығын қолдау үшін театр фестивальдерінің санын көбейту маңызды. Қазір белгілі бір деңгейде мұндай алаңдар бар, алайда олардың ауқымын кеңейту қажет. Бұл жастардың өзара тәжірибе алмасуына және кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашады, – дейді Фархадбек Қанафин.

Оның пікірінше, жас актерлерге арналған жазғы театр мектептерін ұйымдастыру да тиімді бастамалардың бірі болар еді. Мұндай алаңдарда жас мамандар тәжірибелі режиссерлермен, театр педагогтарымен және шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, жаңа білім мен тәжірибе жинақтай алады.

Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – жас драматургтерді қолдау. Қазіргі уақытта жаңа пьесаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан жас қаламгерлердің шығармаларын сахналауға мүмкіндік беру және оларды арнайы бағдарламалар арқылы ынталандыру ұлттық драматургияның дамуына серпін бермек.

Сонымен қатар өңірлік театрларды жас мамандармен толықтыру мәселесі де өзекті. Бұл бағытта шығармашылық жоғары оқу орындарының түлектерін аймақтарға тарту үшін әлеуметтік қолдау шараларын, соның ішінде тұрғын үй және тұрақты жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру маңызды.

Жалпы, бүгінде жастарды қолдау бағытында оң тәжірибелер де қалыптасып келеді. Соның бірі – Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы арасындағы ынтымақтастық. Осы әріптестік аясында академия студенті Ақерке Жаңабай сахналаған Мерей Қосынның  «Мен жоқ жердегі менің өмірім» моноспектаклі  халықаралық театр фестивалінде жоғары бағаланды. Қойылымдағы басты рөлді сомдаған актриса Амина Әсенова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алды.

Мұндай бастамалар жас таланттардың кәсіби қалыптасуына жол ашып, мәдениет пен өнердің дамуына тың серпін береді. Өйткені өнердің болашағы – шығармашылық ізденістен қорықпайтын, жаңашылдыққа ұмтылатын жас буынның қолында.