Freedom Inside '26

Конституциялық сот баласын көре алмай жүрген ата-аналарға қатысты маңызды шешім қабылдады

Конституциялық сот баласын көре алмай жүрген ата-аналарға қатысты маңызды шешім қабылдады
Фото: el.kz

Қазақстанның Конституциялық соты ажырасқан ата-аналардың баламен кездесу құқығына қатысты маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Конституциялық соттың түсіндіруінше, мәселе сот ажырасқан ата-ананың баламен кездесетін күндері мен уақытын белгілегенімен, кейбір жағдайда екінші ата-ананың бұл шешімді орындамай, кездесуге кедергі келтіруінен туындайды. Соның салдарынан өз құқығын жүзеге асыру үшін ата-ана жеке сот орындаушысына жүгінуге мәжбүр болады.

Конституциялық сот осы уақытқа дейін қолданыстағы тәртіп бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу міндеті тек сот шешімін орындамаған тарапқа ғана емес, баласымен кездесу құқығын сот арқылы қорғап шыққан ата-анаға да жүктелгенін атап өтті. Салдарынан ата-ана алдымен өз құқығын сотта дәлелдеп, кейін сол шешімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін қосымша шығын шығаруға мәжбүр болған.

Айтуларынша, мұндай норманың Конституция талаптарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

“Әрбір ата-ана баласының тәрбиесі мен дамуына тікелей қатысуға міндетті. Сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату тетігі баланың екі ата-анасымен де қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік беруі тиіс және бұл құқық ата-ананың қаржылық жағдайына тәуелді болмауы керек”, – деп атап өтті Конституциялық сот.

Осы шешімге сәйкес, Үкімет алты ай ішінде жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу тәртібін қайта қарап, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуі тиіс.

Бұл өзгерістер сот баламен кездесу құқығын таныған ата-аналардың өз құқықтарын қосымша қаржылық шығынсыз жүзеге асыруына мүмкіндік береді.