Комиссия пәрменін қалай күшейтеміз?

Dalanews 08 мау. 2016 03:06 936

Жер дауы көпшілікті екіұдай пікірге қалдырды. Бұл мәселе саяси қоғамдық өмірімізде қызу талқыланғалы бері Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл мәселеге қатысты ләм-лим деп тіл қатқан жоқ. Тек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықты сабырға шақырып, арнайы комиссия құрып, бұл мәселені қоғам назарында кеңінен талқылауға пәрмен бергеннен кейін ғана халық сабасына түскендей болды. Соңғы жағдайларды сарапқа салған адам жылдың басты оқиғасы – жер мәселесі болып қала беретінін байқайды.  

 

Депутаттар насихат жұмысына жарай ма?

komissia dalanews01Жер дауы тұтас халықтың ұйқысынан оятып, бір мақсатқа ұйыстырды. Сондықтан бұл мәселенің қызуы біразға дейін басылмасы анық. Комиссия мүшелері келесі жылға дейін кеңесіп,  халықтың ой-пікірімен есепке алып, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол табуы тиіс.

Қазіргі таңда жерге қатысты мәселені әкімдер мен депутаттар халыққа түсіндіруде. Астанадан аймаққа жылына бірнеше рет ат басын бұратын депутаттардың бәрі жер дауына қатысты мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарымен айналыса алмауы мүмкін. Оның көптеген себептері бар.

Күні кеше ғана Мәжілістің төрінен алған әріптесіміз Артур Платонов түйінді мәселені түсіндірудің орнына бейбіт шеруге шыққан азаматтарды айыпты, отқа май құя түсті.  Сондықтан қазақ тілін жетік білмейтін бірқатар депутаттардың түсіндіру жұмыстарынан гөрі мәселені ушықтырып алуы ықтимал. Рас, Мәжілісте халықпен сөйлесе алатын – Қуаныш Айтаханов, Нұртай Сабильянов, Бақытбек Смағұл, Бекболат Тілеухан сынды халық қалаулылары бар. Бірақ мұндай азаматтар аз.

 

Сапарбаевқа сенім білдіру керек

saparbayev dalanewsБұл даудың тарқатуы үшін халыққа жақын тұлғаны Үкіметке де тартудың маңызы зор. Билікте мұндай азаматтар бар ма? Бар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Халық алаңға шыққанда жұртпен тілдесіп, мәселені бірлесіп шешуге ынта танытқан Сапарбаев жұрттың сеніміне ие болды.

Біздіңше, Үкімет басшысының орынбасары қызметінен Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Мәшбекұлын Үкіметке тартудың маңызы зор. Жұрт Сапарбаевтың қандайда бір қаржылық топтардың сойылын соққанын көрмеді. Сондықтан Үкіметті тізгіндеуде Сапарбаевтан артық кадр жоқ.

Әлемдік қаржы-экономикалық қиыншылық қос өкпеден қысып, Еуразия Одақ бойынша басты әріптесіміз Ресей қалың санкцияда көз аша алмай қалған қазіргідей қиын кезеңде Үкіметтің экономикалық мәселелердің түйінін тарқатуға баса мән беруі керек екенін түсінеміз. Десек те, дәл қазір Қазақстан үшін жер дауының түйінін тарқатудан маңызды мәселе жоқ. Бұл ретте Батыстың әйдік оқу орындарын тауысқан экономист шенеуніктен гөрі, халық алдында симпатиясы бар байырғы кадрларға арқа сүйеудің маңызы зор.

Үкімет басына Бердібек Сапарбаев келетін болса, халықтың атқарушы билікке деген сенімі беки түсетіні анық. Бұдан басқа жер туралы комиссия құрамында халық атынан үн қатып жүрген Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Берік Әбдіғали сынды ұлтжанды азаматтарды да Үкіметтің құрамына тарту қажет. Билік осындай қадамға барған жағдайда сөзсіз халықтың сеніміне ие болады.

 

Сенім

komissia dalanews02Жоғарыда аты аталған азаматтар атқарушы биліктен өз орындарын тапса, Үкіметтің бас ауруына айналған жер дауынан басқа, елімізде қордаланған қаржы-экономикалық, қоғамдық-саяси мүмкіндіктердің түйіні біртіндеп тарқайтынына үміт артуға болады. Мұндай жағдайда Жер туралы комиссияның қоғамдық өміріміздегі салмағы артып, халықтың бойында күмән-күдік сейілер еді.

Бүгінде атқарушы биліктің өкілдері Қазақстан кәсіпорындарымен бірлесіп жерді жалға алғаннан кейін олардың жерді нысаналы мақсатта пайдалануын құзырлы орындар бақылайтынын айтып, халықты сендіруге тырысуда. Бірақ кейбір азаматтар мен қоғамдық белсенділер олардың сөзіне күдікпен қарайды. Егер елімізде мемлекеттік қадағалау өз деңгейінде жұмыс істесе, Алматыда қонышынан басқан бай-манап тау басына зәулім үйлер салмас еді. Сол сияқты қадағалау өз деңгейінде болса, елімізден миллиардтаған қаржы шетел аспаған болар еді.

Сондықтан билік алдағы уақытта құр сөзбен халықтың сеніміне ие бола алмайтынын түсінуі тиіс. Дәл қазір халық биліктен нақты іс-әрекетті күтуде. Көпшілік бұл қандай іс-әрекет деп бас қатыруы мүмкін?

Бүгінде халық та, билік те Жер туралы комиссияның қоғамдағы саяси салмағын тиісті деңгейде сезінбей отыр. Ақиқатын айтсақ, комиссия халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір болып тұр. Комиссия жұмысы талай адамның ар-намысын оятты. Осыған дейін биліктің сөзін сөйлеп, сойылын соғып келген Мырзатай Жолдасбековтың өзі жиын барысында қандай маңызды мәселелерді қозғады.

Сол сияқты жерге қатысты түйткілді мәселелерді жетік білетін, кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Ақылбек Күрішбаевтың өзі біраз құнды пікірлер айтқанына куә болдық. Үш мәрте басқосқан комиссияның отырысында орынды пікірлер айтылғаны ақиқат. Азаматтар өздерінің позициясын айқын аңғартты. Сондықтан халық комиссияға сенім артуы тиіс. Ал билік комиссияның жұмысын дұрыс бағалап, айтылған әрбір пікірге назар аударуы керек.

 

Белсенділер Үкіметте жұмыс жалғастыра ала ма?

komissia dalanews taizhanАлдағы уақытта халық атынан комиссия жұмысына қатысып жатқан қоғамдық белсенділер билікпен ауыз жаласып кетті деп орынсыз өкпе артудың жөні жоқ. Күні кеше ғана «қазақ мүддесі үшін сайтанмен де келісімге келемін» деп елі үшін жанын пида ектен Оспан батырдың сөзін қайталаған кіші Тайжанның сөзіне құлақ асуымыз қажет.

Ал билік болса, комиссияның жұмысын бағалап, алда-жалда Үкімет қайта жасақталып жатса (тіпті Үкіметтің ауысуына күтудің де қажеті жоқ), оның құрамына халық мүддесін көздеген азаматтарды тартудың маңызы зор. Өйткені Үкімет келесі сайлауды күтіп отыратын Парламент емес. Кез келген уақытта министр мен комитет және  агенттік төрағаларын тағайындауға болады. Комиссия жұмысына халық атынан үн қосып отырған азаматтардың Үкімет құрамында жұмыс істейтін қабілеті жеткілікті. Олардың көпшілігі кезінде Үкіметте табысты жұмыс істегенін білеміз.

Комиссия жұмысы барысында талай адамның ой-пікіріне құлақ асқанымызда ұлттық, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді қамтыған басқосуларда маңызды пікірлерді естідік. Ешкім олардың аузына қақпақ қойған жоқ. Бұдан биліктің демократиялық бағыттан айнымайтынын аңғаруға болады. Бұқаралық құралдарының еркін ақпарат хабар таратуына да мейлінше жағдай жасалды. Біздің қоғам осы мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Әрбір азамат комиссия жұмысына белсенді түрде қатысқан сайын, мәселенің оң бағытта шешілуіне жол ашылатынын түсінуіміз керек. Сондықтан комиссия жұмысының қоғамдық-саяси өмірімізде салмағын арттыруда билік те, халық та барынша күш жұмсауы тиіс.

Жарбол КЕНТҰЛЫ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар