Жұмыртқа, ет, сүт: Қазақстанда азық-түлік бағасы қайта өсті

Қаракөз Амантай 07 там. 2025 15:39

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасы өсуін жалғастыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бір апта ішінде 0,1%-ға, ал 2025 жылдың басынан бері 8%-ға қымбаттаған.

2025 жылғы 29 шілде мен 5 тамыз аралығында Қазақстан бойынша ең көп қымбаттаған өнім жұмыртқа. Оның бағасы 2,1%-ға өсіп, ондығы 510 теңгеге жеткен. Екінші орында — сиыр етінің төс бөлігі: 1%-ға қымбаттап, бір килограммы 3 037 теңге болған. Үшінші орында қарақұмық жармасы, 0,9%-ға өсіп, килограммы 210 теңге. Одан кейін тауық еті — 0,8%-ға қымбаттап, 1 458 теңгеге, ал бесінші орында сүт тұр 0,7%-ға өсіп, литрі 420 теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштер Ұлттық статистика бюросы ұсынған кестеде келтірілген.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынының қымбаттауы азық-түлік бағасының өсуіне әкелуі мүмкін екенін туралы жазған едік. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кез келген өнімнің өзіндік құнына жанармай мен логистика шығындары кіреді. Сондықтан жанармай бағасы артса, ол тікелей азық-түлікке әсер етеді.

“Баға өседі. Бірақ біз жағдайды бақылап, тиісті шараларды қолға алып жатырмыз”, – деді Шаққалиев.

Жаз мезгілінде ішкі нарықтың көкөніс, жеміс-жидек өнімдерімен толуы баға индексін уақытша төмендеткенімен, жанармайдың өзіндік құндағы үлесі жоғары болып қала береді.

Министрдің сөзінше, азық-түлік өндірушілерге қолдау көрсету үшін жергілікті әкімдіктерге жеңілдетілген жанармай бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, жанармай өндірушілер өз өнімін төмендетілген бағамен ұсынбақ. Бұл шаралар өнімнің өзіндік құнының күрт өсуіне жол бермейді.

Сауда министрлігі қазіргі таңда өңірлік комиссиялар арқылы ірі көтерме және бөлшек сауда желілерімен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – тасымал шығындарын азайту, тауар тапшылығына жол бермеу және баға тұрақтылығын сақтау.

Министрліктің болжамы бойынша, жылдық инфляция 10,5%-ға дейін жетуі мүмкін. Алайда үкімет оны 7,5–8% деңгейінде ұстап тұруды көздеп отыр.

“Бұл үшін азық-түлік бағасының ай сайынғы өсімі 0,4%-дан аспауы керек. Үкіметте бағаны тұрақтандыруға арналған нақты жоспар бар. Біз күрт қымбаттауға жол бермейміз”, – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар