Фестиваль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтеді. «Жыр алыбы – Жамбыл» фестиваліне өнерге құштар, шығармашылықтың даңғыл жолына қадам басқан жас музыканттар қатысады. Қатысушылар Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелді.
Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдері арасында орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар бар. Іріктеу кезінде қатысушылардың артистік шеберлігіне, сөз саптауына, мәтін идеясының ерекшелігіне, вокалдық қабілеттерінебаса мән берілді.
Kyle Ruh, Ziruza, Ray, Nei1tron, Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko – олардың есімдері қазір жастар арасында танымал. Осы әртістердің әрқайсысы өнердегі ерекше жетістіктерімен бөлісе алады. Бұл, өз алдына, шығармашылық жолына енді қадам басқан жас таланттар үшін жақсы үлгі болмақ. «Жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүретін жас әрі дарынды музыканттардың» өнердегі жетістіктері жетіп артылады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында айтқандай, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүр.
«Жыр алыбы – Жамбыл» фестивалі ақынның 175 жылдығына арналады. Кезінде Жамбыл көтерген өзекті тақырыптарды бүгінде қазақстандық жас рэперлер көтеріп, жаңа форматта ұсынуда. Сондықтан ақынның туындылары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады.
Жаңа фестивальдің мақсаты –Жамбылдың шығармашылығын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, Қазақстан аймақтары арасында кәсіби-шығармашылық байланысты нығайту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың заманауи субмәдениеті мүлде жаңа сипатта ұсынылатын болады және еліміздің музыкалық дәстүрлерімен байланысын көрсетеді.
Фестивальдің гала-концерті 20 қараша күні Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтеді.