Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басқару тізгінін қолға алғалы бері мемлекеттік жастарға деген қамқорлығын арттыра түсті десек болады. Бұл ретте «Еріктілер жылын» жария етіп, жастарды қолдауға баса көңіл бөлінгені айқын мысал болады.
Ақпараттық технологиялар сағат санап дамып жатқан кезеңде жастардың назарын өзіне аударып, ойын басқаға бұрып әкететін жайттар жетіп артылады. Мұндай жағдайда жастардың белсенділігін арттырып, қоғам өміріне араласуын қамтамасыз ету маңызды болмақ.
Десек те, қазіргі еліміздің ауданды айтпаған күннің өзінде, ауылды жерлердегі жастар ресурстық орталықтары құрылып, ел жастарының пайдалы іспен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Жастар ресурстық орталықтары жастар мен мемлекеттің арасындағы коммуникацияны жандандырып отыр деп нық сеніммен айтуға болады. Орталықтар жастардың қоғам өміріне белсене араласуына, мансабын өсіруге тамаша мүмкіндік сыйлап отыр.
Ендігі кезекте Жастар және отбасы iстерi комитетi қолға алған «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» жобасына оралсақ. Біздіңше, бұл жоба пандемия кезінде жастардың азаматтық белсенділігін төмендетпеу үшін қолға алынған маңызды шара екенін түсіндік.
Жобаның ашылуында сөз сөйлеген Жастар және отбасы iстерi комитетiнің төрағасы Шахмардан Байманов жоба онлайн форматта өтіп, еліміздің 17 өңірін толықтай қамтитынын алға тартты. 9 қарашадан 8 желтоқсанға дейінгі аралықты қамтитын жобаға еліміздегі мыңдаған жас қатысып, түрлі бағыттар бойынша біліктілігін дамытуға мүмкіндік алып отыр екен. Осы ретте жоба жастардың зияткерлік қабілетін, тұлғалық болмысын дамыту, кәсіпкерлік дағдыларын арттыруды және волонтерлік қырын дамытуды көздейтінін айта кетуіміз керек. Жастардың жеке қасиеттерін дамыту үшін еліміздегі таңдаулы 25 спикер таңдалынып алынған. Олар өздерінің жиған тәжірибесімен бөлісіп, жастардың қойған сұрақтарына жауап беретін болады.
Ал Online Dialog деп аталатын бағытта ұйымдастырушылар жастар мен билік басындағы тұлғалардың басын қосып, жастар үшін өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу мәселесі қарастырылмақ. Жалпы, онлайн пікір алмасуда орталық билікте жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар тұрғын үй, жастарды жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселелері бойынша ой бөлісуді көздеп отыр.
Осылайша, «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» жобасы еліміздегі жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін көтеріп, олардың бойында сенім қалыптастыруды көздеп отыр.
Айнұр ЖҰМАХАН