Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің Telegram мессенджеріндегі боттарға қатысты мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, халықтың жеке деректерін тарататын Telegram-боттарға арнайы талдау жүргізілген.
Министрлік зерттеу нәтижесінде бұл боттардың деректері бұрынғы уақыттарда таралған ескі ақпараттар базасына, ашық интернет көздеріне және GetContact сияқты үшінші тарап платформаларына негізделгенін анықтаған. Айта кету керек, GetContact сервисіне Қазақстан аумағынан қолжетімділік бұғатталған, себебі онда еліміздің заңнамаларын бұзатын жайттар тіркелген.
Анықталған ресурстар туралы сілтемелер уәкілетті органдарға жолданып, тексеру және заңға сай шара қабылдау тапсырылған. Бұған дейін де осындай мазмұндағы 30-дан астам Telegram-боттың қызметі тоқтатылған.
Министрлік азаматтарға ескерту жасап, мұндай сервистерді қолданбауға және жеке ақпаратты ашық ортада жарияламауға кеңес береді. Ведомство құқық қорғау органдарымен бірлесіп, азаматтардың жеке деректерін қорғау және еліміздегі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Мұрат Әбенов Telegram-да Қазақстан азаматтарының ЖСН-і, тұрғылықты мекенжайы, телефон нөмірлері мен отбасы мүшелері туралы ақпараттарды еш қиындықсыз беретін боттың пайда болғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Оның айтуынша, бұл мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған.