Биліктің өзі мұндай "цирк" боларын күткен жоқ - заңгер Бишімбаев ісі туралы

Көркем Алдабергенова 03 сәу. 2024 14:55 31564

Белгілі заңгер Джохар Өтебеков Қуандық Бишімбаевтың сот отырысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеп.

Джохар Өтебеков судья Айжан Құлбаеваның әрекеті дұрыс емес деп есептейді.

«Судья Салтанат Нүкенованың ар-ожданы мен абырой-беделіне нұқсан келетін сауалдарды қоюға жол берді. Марқұм болған адамның атына күйе жағып, қаралауға болмайды. «Ол ішімдікке құмар, отбасылық еркекпен жүрген, өзін агрессивті ұстайтын, үй шаруасымен айналыспайтын» тағысын тағы деген Бишімбаевтың портреттік суреттеме жасауы тым артық. Ал судья Бишімбаев пен оның қорғаушыларына осылай айтуға неге рұқсат беріп қойды?

Мұның бәрі алқа билердің көз алдына қайтыс болған жәбірленуші Нүкенованың жағымсыз образын қалыптастырып, Бишімбаевты «құрбан» қылып көрсетуі мүмкін. Бұл – судьяның қателігі. Кім болса да, адам өлтіруге қақысы жоқ.

1 сәуір күнгі отырыста алқабилердің жәбірленуші тарапқа қойған сұрағы да ақылға қонымсыз. Содан-ақ олардың Бишімбаевтың жағына шығып отырғанын байқауға болатындай. Жалпы, қылмыстық-процесуалдық заңының нормасына сәйкес, сот алқабилер алдында адамның жеке тұлғасына қатысты жайттар көтерілмеуі керек. Тек сол оқиға ғана талқылануы тиіс. Заң алдында, сот алдында адамның құқығы бірдей. Бишімбаевтың да бұл қайғылы оқиғаға дейін агрессивті, ішімдікке әуес, бұрын істі болғаны маңызды емес», – дейді заңгер Nege.kz сайтына.

Сонымен қатар, Өтебеков Бишімбаевқа қатысты сот отырысын онлайн көрсетудегі басты мақсат не екенін айтты.

Ең бастысы, бұл істің саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Сол үшін бұл іс билікке қорқынышты емес. Оның үстіне қалай болғанда да сотталатын адам. Бірақ билік Бишімбаевтан мұндай «циркті» күтпеген шығар, тіпті сот отырысының алқабилермен бірге өтетінін ойламаған да болуы мүмкін. Себебі, судья билік не айтса, соның ығымен шешім қабылдайды. Ал халық арасынан таңдалған алқабилердің қандай шешім шығаратыны билікке де, бізге де белгісіз. Сот шешімін судья мен 10 алқа би шығарады. Шешім қабылдауға 11 дауыстан 6 дауыс жеткілікті. Тіпті, Бишімбаевты ақтап, оған жеңіл жаза тағайындауы да мүмкін. Оның ісіне басқаша квалификациялық саралау берілуі де ықтимал.

Алқабилер кәсіби заңгерлер емес, қоғамның қарапайым өкілі. Оларға эмоция күшті әсер етеді. Бишімбаев әрі қарай да жәбір көрген Нүкенованы қаралап, өзін ақтап «жылай» берсе, алқабилер де жанашырлық танытып, жазасын жеңілдетуі мүмкін, – дейді заңгер.

Сондай-ақ, Өтебеков билік судья мен прокурордың бағасын тым «асырып жіберген» сияқты дейді.

«Таңдалып алынған судья мен прокурорымыздың түрі осындай. Қазір халық осы сот процесінің қалай өтіп жатқанын тайға таңба басқандай көріп отыр. Жабық өтіп жатқан сот отырыстарында бұдан өткен сорақылыққа куә болып жүргенімізді айтпай-ақ қояйын. Жалпы, биліктің сот процесін тікелей эфирде өткізу туралы шешімі орынды.

Осы арқылы «Бізде әділдік бар» дегенді көрсеткісі келген шығар. Бір жағынан бұл халықтың құқықтық мәдениетін жоғары деңгейге көтереді. Сот қалай өтіп жатқанын көрген жұрт сабақ алады деп ойлаймын», – деп түйіндеді пікірін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар