Алдағы бес жылда Жердегі орташа температура жаңа рекордтар орнатуы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, осы кезеңдегі жылдардың бірі соңғы кемінде 70 жылдағы ең ыстық уақыт ретінде тіркеледі. Ал ең ыстық жыл 2027 жыл болуы ықтимал. Мұндай болжамды БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұйымның жаңа есебінде 2026-2030 жылдар аралығында Жердің орташа температурасы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін екені айтылған. Метеорологтардың бағалауынша, осы кезеңдегі орташа жылдық температура 1850-1900 жылдардағы көрсеткіштен 1,3–1,9 градусқа жоғары болуы ықтимал.
ДМҰ мәліметінше, Жердегі орташа температураның индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда кемінде 1,5 градусқа көтерілу ықтималдығы 75 пайызға жеткен. Бұл шек 2015 жылғы Париж климаттық келісімі аясында белгіленген жаһандық жылынудың ұзақмерзімді шегі саналады.
Сондай-ақ есепте 2026-2030 жылдар аралығындағы жылдардың бірінің бақылау тарихындағы ең ыстық жыл атану ықтималдығы 86 пайыз деп бағаланған. Бұл жағдайда ол 2024 жылғы рекордтан асып түсуі мүмкін.
Метеорологтардың болжамынша, жаңа рекорд 2027 жылы орнауы ықтимал. Бұған Эль-Ниньо климаттық құбылысының әсері себеп болуы мүмкін. Бұдан бөлек, алдағы бес қыста Арктикадағы температура 1991-2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен шамамен 2,8 градусқа жоғары болады деп күтілуде.
Ал Солтүстік Еуропада келесі бес жылда қыс маусымы әдеттегіден ылғалды болуы мүмкін. Мамандар мұны өңір үшін негізгі климаттық қауіптердің бірі деп бағалап отыр, өйткені бұл су тасқыны қаупін арттыруы ықтимал.