Қырғызстанның Бішкек қаласындағы «Манас» халықаралық әуежайында TezJet әуе компаниясының ұшағы ұшу кезінде бір жағына қисайып кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұшақ Бішкек – Ош бағыты бойынша рейс орындауға дайындалып жатқан. «Қырғызстан әуежайлары» АҚ мәліметінше, ұшу жолағымен екпін ала бастаған сәтте ұшақтың шасси тіректерінің бірі сынып қалған. Соның салдарынан әуе кемесі сол жақ қанатына қарай қисайған.
Абырой болғанда, ұшақтың жылдамдығы әлі төмен болғандықтан, ұшқыштар оны дер кезінде тоқтатып үлгерген. Оқиғадан кейін барлық жолаушы мен экипаж мүшелері авариялық сырғанақ арқылы қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Сондай-ақ оқиға салдарынан авиациялық керосин төгілген. Әуежайда өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері жедел жұмыс жүргізді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.