Бірқатар Батыс елдері азаматтарына Украинаға бармауға кеңес берді

Бірқатар Батыс елдері азаматтарына Украинаға бармауға кеңес берді
Bloomberg

АҚШ-тан кейін Ұлыбритания, Нидерланд, Италия және Германия да өз азаматтарына Украинаға сапар шекпеуге кеңес берді. Аталған мемлекеттер Украинаға қатысты саяхат жөніндегі ұсынымдарын жаңартқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Елдердің ресми органдары қауіпсіздікке байланысты бірқатар тәуекелдерді атап өтті. АҚШ билігінің мәліметінше, Ресейдің зымыран және дрон шабуылдары Украина аумағының кез келген бөлігінде, соның ішінде майдан шебінен алыс орналасқан өңірлерде де қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар америкалық азаматтарға елден шығудың жеке жоспарын алдын ала әзірлеп, АҚШ үкіметінің эвакуациясына сенім артпау ұсынылған.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі Ресейдің зымырандық және дрондық шабуылдары қаупі сақталып отырғанын, сондай-ақ қыс мезгілінде электр энергиясы, су және жылумен қамтуда ұзаққа созылатын үзілістер болуы мүмкін екенін ескертті.

Нидерланд билігі Ресей шабуылдарына байланысты қауіптің жоғары екенін және төтенше жағдайда елшілік тарапынан көрсетілетін көмектің шектеулі болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Италия өз азаматтарына Ресейдің әуе шабуылдары қаупі Украина аумағының барлық бөлігінде артқанын хабарлады.

Ал Германия Ресейдің әуеден жасайтын соққылары күшеюі мүмкін екенін атап өтті. Бұған қоса, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі Украинадағы өңірлердің басым бөлігін қауіпті аймақ деп бағалап отыр. Ведомство ескертуіне қарамастан Украинаға барған азаматтардың туристік сақтандыруы жарамсыз деп танылуы мүмкін екені де айтылған.