Ауғанстан билігі шетелдік капитал тартудың жаңа тетігін бекітті. Енді инвесторлар елде 1 жылдан 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін "алтын" ықтиярхат ала алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шешім экономикалық комиссия отырысында қабылданды. Жиынды премьер-министрдің орынбасары - министр Абдул Гани Барадар басқарған. Енді шетел азаматтарының Ауғанстанда тұру құқығын алуы үшін қанша көлемде инвестиция салуы керек екенін құзырлы органдар айқындауға тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам халықаралық оқшаулану жағдайында экономиканы жандандыруға бағытталған. Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, кейінгі жылдары ел экономикасы белгілі бір деңгейде өскенімен, сыртқы қаржылай көмек айтарлықтай қысқарған. Яғни бюджетке түсетін қаражат азайып, билік енді жеке инвестиция арқылы қаржы тартуға мүдделі.
Шетелдік бизнесті қызықтыру үшін Кабул бірқатар жеңілдік ұсынбақ. Құрылысқа жер телімін беру, жабдықтар мен көлік әкелуге кедендік баж салығынан босату, сондай-ақ, бес жылға дейін салықтан босату қарастырылған.
Дегенмен қазіргі жағдайда бұл елде тұрып, бизнес жүргізу үшін қомақты қаражат салуға ниетті инвесторлар саны қаншалық болатыны әзірге белгісіз.
