Астана алғаш рет жүзуден World Aquatics Swimming World Cup 2026 халықаралық турнирінің кезеңін қабылдайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жарыс 15–17 қазан аралығында елордада өтеді. Астанадағы кезең Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болмақ.
Биыл World Aquatics Еуразияның үш қаласын — Баку, Ташкент және Астананы — әлем кубогінің бірыңғай бағытына біріктірді. Тарихи Ұлы Жібек жолының құрметіне аталған серияның алғашқы кезеңі 1–3 қазанда Бакуде, екіншісі 8–10 қазанда Ташкентте өтеді. Турнир 15–17 қазанда Астанада аяқталады.
Елордадағы кезең бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасындағы 34 жеке сайыс — әр санат бойынша 17 дисциплина кіреді. Сонымен қатар ерлер, әйелдер және аралас эстафеталар ұйымдастырылады.
Жарысқа Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және қазіргі әлем рекордшылары қатарлы әлемнің үздік жүзгіштері қатысады.
Silk Road Tour аясындағы үш кезеңге 50-ден астам елден 750-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Серияның жалпы жүлде қоры 1,2 млн долларды құрайды. Бұл сома әлемдік рекордтар мен басқа да жетістіктер үшін берілетін бонустарды қамтымайды.
World Aquatics әлем кубогінің кезеңдері ірі халықаралық жарыстарға ресми іріктеу сайыстарының қатарына кіреді. Silk Road Tour спортшылар үшін желтоқсанда Бейжіңде өтетін 25 метрлік бассейндегі әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.