АҚШ-тағы қарлы боран салдарынан қаза тапқандар саны 30-ға жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаза болғандардың қатарында Массачусетс пен Огайо штаттарында қар тазалау техникасы қағып кеткен екі адам, Арканзас пен Техаста шанамен сырғанау кезінде ауыр жарақат алып көз жұмған жасөспірімдер, сондай-ақ Канзас штатының Эмпория қаласында қар астынан табылған әйел бар.
Дүйсенбі кешіне қарай 630 мыңнан астам халық жарықсыз қалған. Ел көлемінде 12 мыңнан аса әуе рейсі кейінге шегеріліп немесе мүлде тоқтатылған.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің болжамынша, аяз алдағы күндері де сақталады. Арктикалық суық ауаның жаңа легі келіп, зардап шеккен өңірлерде суықты одан әрі күшейтеді.
Бұдан бөлек, синоптиктер алдағы демалыс күндері АҚШ-тың Шығыс жағалауына әсер етуі мүмкін жаңа қысқы дауылдың қалыптасу ықтималдығын да жоққа шығармай отыр.
